Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды turkystan.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Сот айыпталушы Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Айта кетейік, сотталушы Шерхан Аймаханға ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылған:
125-1-бап – «Некеге тұруға мәжбүрлеу»;
115-1-бап – «Сталкинг»;
99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағы – «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру».
Еске салайық, 21 жастағы Нұрай Серікбай 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапты. Тергеу барысында қайғылы оқиғаға дейін Аймаханның қызды ұзақ уақыт бойы аңдып, оны күштеп некеге тұрғызуға әрекет жасағаны анықталды.
Бұған дейін сот-психиатриялық сараптама іс бойынша айыпталушының ақыл-есі дұрыс екенін анықтаған. Сарапшылар сондай-ақ өлімге әкелген жарақаттарды салған кезде ер адамның аффект жағдайында болғаны туралы қорғау тарапының нұсқасын жоққа шығарды.
Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов пен марқұмның отбасы ең қатаң жаза тағайындауды талап етті. Прокурор іс бойынша жеңілдететін мән-жайлардың жоқ екенін атап өтіп, Нұрайдың ешқандай өкпесі жоқ екенін айтқан бейнежазбаны назарға алмауға шақырды. Сараптама қыздың қысым көрсету арқылы жаттатылған мәтінді оқығанын дәлелдеген.
Соңғы сөзінде Аймахан Нұрайдың туыстарынан кешірім сұрап, оған «шын көңілден сезімі болғанын» айтты. Алайда ол өз кінәсін толық мойындамады: пышақ жарақаттарының санына қатысты дау айтып, марқұмның отбасы талап еткен 10 миллиард теңге көлеміндегі моральдық зиян өтемақысын төлеуден бас тартты.
Судья Саммидин Темиралиев мемлекеттік айыптаушының ұстанымымен толық келісіп, сот процесіне нүкте қойды.