Петропавлда алаяқтарға курьер болған 20 жастағы жігіт сотталды

/
Петропавлда алаяқтарға курьер болған 20 жастағы жігіт сотталды
Polisia.kz. Фото ЖИ арқылы жасалған.

Telegram-дағы "жеңіл жұмыс" туралы хабарландыруға сенген 20 жастағы елордалық тұрғын алаяқтық схемаға араласып, Петропавлдағы үш тұрғынды алдау ісіне қатысқан. Сот оның кінәсін дәлелдеп, 3 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қылмыстық схемаға қатысушылар егде жастағы азаматтарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде қоңырау шалып, олардың жақындары жол-көлік оқиғасына кінәлі болғанын айтқан. Қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін ақша қажет деп сендірген.

Алаяқтардың сөзіне сенген үш тұрғын қолындағы қолма-қол ақшасын берген. Келтірілген шығын көлемі 1-ден 3 миллион теңгеге дейін жеткен. Ақшаны алаяқтық схемаға қатысы барын білмеген такси жүргізушілері "сәлемдеме" ретінде жеткізген.

Ал оларды қабылдап, кейін белгіленген орынға жеткізетін адам қажет болған. Бұл рөлді Telegram желісінен "жеңіл жұмыс" іздеген 20 жастағы елордалық атқарған. Ол арнайы осы мақсатпен Петропавлға келген.

Өткен жылдың 8 және 9 қыркүйегінде жас жігіт үш "сәлемдемені" қабылдап, оларды алдын ала белгіленген орындарға – бұталардың арасына және қоқыс жәшіктеріне жасырған.

Полицияға алғашқы арыздар түскеннен кейін жедел уәкілдер күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Тергеу барысында жиналған дәлелдер оның қылмысқа қатысын растады.

Сот үкімімен алаяқтардың сыбайласы 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған келтірілген залалды ішінара өтеу міндеті жүктелді. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Полиция азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді "жеңіл жұмыс" ұсыныстарына сақтықпен қарауға шақырады. Заңсыз жолмен табыс табуға ұмтылу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар