Лионель Месси әкесі Хорхе Мессидің қайтыс болғаннан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады. Футболшы Instagram парақшасында әкесімен бірге түскен суретін жариялап, оған әсерлі жазба арнады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Хорхе Месси ұзаққа созылған аурудан кейін 68 жасында өмірден өтті. Осыған байланысты аргентиналық футболшы АҚШ-тағы "Интер Майами" клубының құрамынан уақытша кетіп, ойындарын тоқтатқан еді.
"Әке, сенің енді жоқ екеніңе әлі де сене алмаймын. Мұны қабылдай алмай жүрмін. Дәлірек айтсам, қабылдағым келмейді. Енді сені көре алмайтынымызды, сөйлесе алмайтынымызды елестету маған өте ауыр. Саған қиын болғанын білемін. Бәлкім, болған жағдай сен үшін жеңілдік болған шығар. Бірақ сен тым ерте кетіп қалдың. Біз әлі талай сәтті бірге өткізе алар едік.
Сен менің соңғы әлем чемпионатына қатысуымды қатты қаладың. Алайда турнир басталардан бірнеше күн бұрын жағдайың нашарлап кетті. Алғаш рет сен жарысқа келе алмадың. Анам маған жағдайың жақсарып, кейін бізге қосыла алатыныңды айтатын. Мен саған финалға шығуға тырысатынымызды, сонда сен де келіп үлгеретініңді айттым. Әр матчтан кейін сенің хабарламаңды күтіп, сағынатынмын. Сол кезде жағдайдың қаншалықты қиын екенін түсіндім.
Бірақ саған уақыт беру үшін қолдан келгенше алысқа баруға тырыстым. Біз финалға жеттік, бірақ сен келе алмадың. Мен жеңіске жетіп, саған жаңа жүлдені көрсеткім келді. Бірақ қолымнан келмеді. Денем енді тыңдамай қалды. Физикалық жағдайыма қарсы тұруға тырыстым, бірақ болмады. Қалыпқа қайта келе алмадым.
Мен үйге оралғанда, сен біздің финалда пенальтиден ұтылғанымызды ойлап жүрдің. Біз сол болған жағдай туралы толық сөйлесе де алмадық. Сен ештеңеге қуана алмадың. Біз чемпион болмадық, бірақ әр матчтан кейін қаншалықты қуанғанымызды елестете де алмайсың. Тағы да сен дұрыс айттың: мен сол жерде болып, ойнауым керек еді.
Мен мұның бәрін саған айтып отырмын, өйткені біз тек осы туралы сөйлесіп үлгермедік. Қалғанының бәрін өзің білетінсің. Біз күн сайын сөйлестік, мүмкіндік болған сайын кездесіп тұрдық. Сенсіз енді не істерімді білмеймін. Қалай өмір сүретінімді де білмеймін. Мен өмір бойы тек футбол ойнадым. Бірақ қазір оны тағы қанша уақыт жалғастыратынымды білмеймін.
Сен ең басынан қасымда болдың. Соңына дейін аз ғана уақыт қалған еді. Неге тағы біраз шыдап, бірге болмадық? Сенің ең үлкен бақытың – отбасыңның амандығын көру болғанын білемін. Балаларыңның, жарыңның жақсы жүргенін көру. Ең бастысы, ешкімге білдірмей менің ойынымды бақылау...
Бұл бала кезімнен солай еді. Жұмыстан келген бойда мені жаттығуға апаратынсың. Кейде жұмыста болғанда анам апаратын. Бірақ менің матчтарымды ешқашан жібермейтінсің. Мені көріп қаншалықты уайымдайтын едің... Сонымен бірге соны қатты жақсы көрдің. Бірақ маған көп мақтау айта бермейтінсің.
Сен менің әкем, досым әрі агентім болдың. Әрдайым қандай адам болуың керек болса, дәл сондай болдың. Ешқашан қателеспедің. Арамызда кейде реніш немесе сөзталас болса да, ақырында сенің дұрыс айтқаның белгілі болатын. Сені қатты сағынатын боламын. Бірақ сен әрдайым жанымызда қаласың. Әсіресе менің балаларымды тәрбиелеуімде, өйткені мен оларды сен мені қалай тәрбиелесең, солай тәрбиелеп жүрмін.
Жаның жәннатта болсын. Бізді бұрынғыдай жоғарыдан қорғап жүр. Барлығы үшін рақмет. Мен сені жақсы көремін, әке", – деп жазды Лионель Месси.
Жазбаның астында жанкүйерлер мен футбол әлемінің өкілдері Мессиге қолдау білдіріп, көңіл айтып жатыр.