Таразда қатты жел ішінде екі бала ойнап жүрген үрлемелі батутты көтеріп әкеткен. Балалар жерге құлағанымен, әкімдік мәліметінше, зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 11 тамызда Ұлы дала шағынауданындағы №68/1 үйдің маңында болған. Желдің қатты екпінінен аттракцион бір жағына қарай қисайып, кейін ауаға көтерілген. Сол сәтте батуттың ішіндегі екі бала жерге құлаған.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан батуттың желмен көтерілгенін және ересектердің балаларға қарай жүгіргенін көруге болады.
Тараз қаласы Әулиеата ауданы әкімдігінің хабарлауынша, оқиға орнына жедел жәрдем шақырылған. Дәрігерлер балаларды тексерген.
"Медициналық тексеру нәтижесінде балалардың денсаулығына зиян келмегені және жарақат алмағаны анықталды", – делінген әкімдік хабарламасында.
Оқиғадан кейін аттракционды орнатқан кәсіпкерге қатысты әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынған.
Сонымен қатар автотұрақ нысанының мақсатына сай пайдаланылмауына байланысты оның иесіне қатысты заң аясында шара қолдану жөнінде уәкілетті бөлімге ұсыныс жолданған.