Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданына қарасты Жолнұсқау ауылындағы №732 сайлау учаскесінде дауыс беруге барлық жағдай жасалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Сайлау учаскесінің жұмысы сайлау үдерісінің ашықтығын, заңдылығын, әділдігін және азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету қағидаттары негізінде ұйымдастырылды. Сайлау учаскесінде жалпы 112 сайлаушы тіркелген. Оның 8-і – қарт, 1-еуі студент.
Ауылымыздың ең қарт тұрғыны, көпбалалы ақжаулықты ана – Жолтай Сәкенова. Жасы 85-те. Сайлау учаскесіне өзім келіп, дауыс беремін деп отыр», – дейді комиссия хатшысы Жұпар Сазанбаева.
Сайлаушылардың тізімі алдын ала нақтыланып, учаске жұмысына қажетті ұйымдастыру шаралары жүргізілген. Оларға дауыс беру тәртібі, сайлау учаскесінің жұмыс уақыты және азаматтардың сайлау құқықтары жөнінде қажетті түсіндіру жұмысы да ұйымдастырылды.
«Сайлау учаскесінде әрбір сайлаушының дауыс беру құқығын пайдалануына қолайлы жағдай жасалынған. Әсіресе, жасы үлкен азаматтарға, денсаулығына байланысты қосымша қолдауды қажет ететін азаматтарға және көпбалалы аналарға ерекше назар аударылды. Сайлау учаскесінде қажетті ақпараттық материалдар орналастырылып, азаматтардың өздеріне қажетті мәліметпен танысуына мүмкіндік жасалды. Сайлаушылардың сауалдарына комиссия мүшелері тарапынан қолданыстағы талаптарға сәйкес түсініктемелер берілді. Әрбір азаматтың таңдауы құпия сақталатыны және дауыс беру кезінде еркін таңдау жасауға мүмкіндігі бар екені түсіндірілді», – дейді ол.