"Нашар нәтиже": Спорт министрлігі "Астана" баскетбол клубының жабылуына қатысты пікір білдірді

/
"Нашар нәтиже": Спорт министрлігі "Астана" баскетбол клубының жабылуына қатысты пікір білдірді
astanabasket.kz

Қазақстанның Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спорт және дене шынықтыру істері комитеті «Астана» баскетбол клубының қызметін тоқтату туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ведомствоның мәліметінше, соңғы жылдары клубтың халықаралық жарыстардағы нәтижесі күткен көрсеткішке сай болмаған.

Өткен маусымда «Астана» ВТБ Бірыңғай лигасында 12-орын алып, турнир кестесінің соңында қалды. Команда 44 матчтың тек екеуінде ғана жеңіске жеткен.

Министрлік бұл клубтың ВТБ Бірыңғай лигасындағы ең нашар нәтижесі екенін атап өтті. Сонымен қатар «Астана» соңғы сегіз жыл бойы бұл турнирдің плей-офф кезеңіне шыға алмаған.

Ішкі біріншілікте де клуб көздеген мақсатына жете алмаған. Команда Қазақстан Кубогын иелене алмай, Ұлттық лигада да чемпион атанбады.

Министрлік былтыр спорт саласын қаржыландыру тиімділігін арттыруға бағытталған заң қабылданғанын еске салды. Құжатта ұлттық құрамаларды дамытуға, спорт резервін қалыптастыруға басымдық беру және бюджет есебінен легионерлерді қаржыландыруға шектеу қою қарастырылған.

«Қазіргі таңда отандық баскетболды дамыту тәсілдерін қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі басымдық жастар командаларын дамытуға, сапалы спорт резервін қалыптастыруға және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға беріледі», – делінген министрлік хабарламасында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар