Солтүстік Қазақстанда заңсыз алкоголь айналымына қарсы бақылау күшейтілді

/
Солтүстік Қазақстанда заңсыз алкоголь айналымына қарсы бақылау күшейтілді
istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысында полиция алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларының сақталуын бақылауды күшейтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жыл басынан бері заң талаптарын бұзған 318 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заңсыз айналымнан 7,5 мың литрден астам алкоголь өнімі тәркіленді.

Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының аудандарында полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымының жолын кесу және оны өткізу қағидаларының сақталуын бақылау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Жыл басынан бергі жеті айда қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде жүргені үшін 7 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицияның мәліметінше, алкогольді шамадан тыс тұтыну ауыр қылмыстардың, отбасылық жанжалдардың, бұзақылықтың және жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып отыр.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларының сақталуына ерекше назар аударуда. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құрамындағы спирт мөлшері 30 пайыздан жоғары алкоголь өнімдерін сағат 21:00-ден келесі күнгі 12:00-ге дейін, ал спирт мөлшері 30 пайызға дейінгі өнімдерді 23:00-тен таңғы 08:00-ге дейін сатуға тыйым салынады.

Сонымен қатар алкогольдік ішімдіктерді тек 21 жасқа толған азаматтарға ғана сатуға рұқсат етіледі. Дегенмен барлық сатушылар заң талаптарын сақтай бермейді. Биылғы жеті айда алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын бұзғаны үшін 152 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, құрамында спирті бар өнімдерді заңсыз өткізгені үшін тағы 166 тұрғын жауапқа тартылды. Заңсыз айналымнан барлығы 7575 литр алкоголь өнімі тәркіленді.

Полиция алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, ал кәсіпкерлік субъектілеріне қызмет санатына қарай 40-тан 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынатынын еске салады.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, алкоголь айналымына қатысты заңнаманы сақтау – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі.

Бұл бағыттағы жұмыс құқық бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмей, қылмыстың алдын алуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және "Заң мен Тәртіп" қағидатын іске асыруға бағытталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар