Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаевтың «Челси» құрамында «Вестерн Сидней Уондерерс» қақпасына соққан алғашқы голы Австралияда өткен маусым алдындағы турнирдің ең үздік добы деп танылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Австралияның кәсіби футбол лигасы A-League Instagram парақшасында Sydney Super Cup маусым алдындағы турнирінде соғылған үздік голдардың рейтингін жариялады.
Тізімнің бірінші орнына Қазақстан ұлттық құрамасының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың ағылшынның «Челси» клубы сапында соққан дебюттік голы жайғасты.
Сондай-ақ рейтингке Матис Тельдің «Сидней» қақпасына соққан добы, Айдан Хэммондтың «Челсиге» қарсы матчтағы голы, Дариу Эссугудың «Вестерн Сидней Уондерерс» қақпасына енгізген добы және Дилан Шиклунаның «Челсиге» қарсы ойындағы голы енді.