Маңғыстаулық таэквондошы Оңтүстік Кореядағы турнирдің жеңімпазы атанды

/
Маңғыстаулық таэквондошы Оңтүстік Кореядағы турнирдің жеңімпазы атанды
Маңғыстау облысы ҚКО

Оңтүстік Кореяның Чунчхон қаласында таэквондодан халықаралық турнир өтті. Оған әлемнің 71 елінен барған 4000 спортшы мен ресми өкілдер қатысып, бақ сынасты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен маңғыстаулық Наурызбек Нұрғазыев бірінші қарсыласы корейлік спортшыны 2:0 есебімен жеңіп, жарысты сәтті бастады. Екінші айналымда тайбэй елінің намысын қорғаған қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Үшінші кездесуінде өзінің отандасын жарыс жолынан 2:1 есебімен шығарған болатын. Ал жартылай финалда австралиялықты 2:0 есебімен таза жеңді. Ақтық жекпе жекте қытайлық қарсыласын 2:0 есебімен жеңіп, чемпионы атанды. Осылайша даянгда қарсылас шақ келтірмей, бес қарсыласынан басым түсті.

Турнир жеңімпазы мен бапкерін Қонысбай Бектлеу атындағы Маңғыстау облыстық таэквондо (WT) және пара таэквон-до (WT) федерациясының вице-президенті Серік Гусман, федерация атынан қаржылай сыйақы және спорттық киімдер табыстады.

Өз сөзінде Серік Гусман еліміздің, оның ішінде маңғыстаудың намысын абыроймен қорғап, алтын медальді жеңіп алған спортшы мен бапкерлерінің қажырлы еңбектерін жоғары бағалайтынын айтып, шынайы алғысын білдірді.

Айта кету керек, Наурызбек Нұрғазыев еліміздегі ең жетекші спорт оқу орындарының бірі, Алматы қаласындағы Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде оқиды.

Ал, әлемдік деңгейдегі додаларға балғын таэквондошыларды Серік Ислам, Саламат Изденов, Құрбанбай Қыдырбаев есімді білікті бапкерлер дайындап жүр. Сондай-ақ, алматылық жаттықтырушысы Төлеген Тлеумұратовтың да еңбегі орасан зор екендігі сөзсіз.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар