«Өзіміз де бұл жетістігімізге таңғалып отырмыз»: қазақстандық шпагашылар тарихи жеңіске баға берді

/
«Өзіміз де бұл жетістігімізге таңғалып отырмыз»: қазақстандық шпагашылар тарихи жеңіске баға берді
ҰОК

Қазақстан ерлер құрамасы тарихта алғаш рет семсерлесуден әлем чемпионы атанды. Бұл жетістік соңғы бірнеше маусым бойы әлемнің үздік командаларының қатарынан тұрақты орын алып келе жатқан ұжымның тынымсыз еңбегінің нәтижесі болды. Осы тарихи жеңістің артында ұзақ жылдарға созылған қажырлы еңбек, ондаған халықаралық жарыс пен тартысқа толы кездесулер жатыр. Olympic.kz сайтына берген сұхбатында әлем чемпиондары бұл турнирдің өздері үшін қалай өткенін айтып, ең шешуші сәттерді еске алды, финалдан кейінгі әсерлерімен бөлісті және бұл жеңістің өздері үшін қаншалықты маңызды екенін жеткізді.

Еске салайық, Гонконгта өткен әлем чемпионатында алтын медальді Ерлік Сертай, Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходов жеңіп алды. Финалда Қазақстан құрамасы Украинаны 45:40 есебімен жеңді.

Руслан Курбанов – Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі әрі тәжірибелі шпагашыларының қатарында. Ол Олимпиада ойындарына, әлем және Азия чемпионаттарына қатысып, отандық семсерлесу тарихында бірнеше маңызды жетістікке қол жеткізді. 2023 жылы ол қазақстандық шпагашылар арасында алғаш болып әлем чемпионатының жекелей сынында қола жүлдеге ие болды. Кейін ұлттық құраманың әлем чемпионатындағы алғашқы қола және алтын медальдарды жеңіп алуына үлес қосты.

"Әрине, бұл – тарихи нәтиже. Бәсекелестік өте жоғары, әлемнің ең мықты құрамалары қатысатын әлем чемпионатының шпага бәсекесінде жеңіске жету – үлкен жетістік.

Жарыс әрдайым оңай басталмайды. Әрбір команда жеңіске ұмтылады, кездесулерге мұқият дайындалып, қарсыластарын алдын ала зерттейді. Сондықтан әрбір матч қиын өтеді, әсіресе алғашқы кездесулер. Олар өте ерте басталады, ал ағзаға жұмыс ырғағына бейімделіп, арақашықтықты, уақытты, шабуыл жасау сәтін сезіну, қажетті әдісті қашан және қалай қолдану керектігін түсіну қажет.

Жеңіс ұпайын алғаннан кейінгі алғашқы әсеріміз: «Иә! Біз мұны жасадық! Біз – әлем чемпиондарымыз! Біз – әлем чемпиондарымыз!» деген сөздер болды. Бұл зор қуаныш пен атқарылған істің жемісін сезінудің ерекше сәті еді. Таңертең біз кешке қарай әлем чемпиондары атанамыз деп ойлаған да жоқпыз.

Мен әрдайым: «Жаттығуда бар күшін салған адам түптің түбінде нәтижеге жетеді», – деп айтамын. Бұл медальдар бізге жайдан-жай берілген жоқ. Оған жету үшін орасан зор еңбек еттік. Біз көптеген жеңілістерді бастан өткердік, үздіксіз жаңа тәсілдерді меңгердік. Осы маусымда жарақаттар да, психологиялық қиындықтар да аз болған жоқ.

Қазіргі кезеңді бір сөзбен сипаттасам, «қалай еңбек етсең, нәтижең де сондай болады» дер едім. Біз мақсатымызға жету үшін көп күш жұмсаймыз. Сондай-ақ жанкүйерлеріміздің қолдауын әрдайым сезінеміз. Олар бізді мінберде де, Қазақстанда да қолдап отырды. Бізге сеніп, қолдау көрсеткен барлық жанға алғыс айтамын. Бұл – бәрімізге ортақ үлкен жеңіс", – деді Руслан Курбанов.

Өзбекстан құрамасына қарсы өткен тартысты кездесуде есеп 27:27 болған сәтте Ерлік Сертай шешуші ұпайды еншілеп, Қазақстан құрамасының келесі кезеңге өтуіне жол ашты. Дегенмен спортшының айтуынша, жарыстың басталуы ол үшін оңай болмаған.

"Шынымды айтсам, біз өзіміз де таңғалып отырмыз. Егер сол күні таңертең біреу бізге алтын медаль жеңіп алатынымызды айтса, біз оған сенбес едік. Барлығымыздың жағдайымыз бірдей жақсы болды деп айта алмаймын. Бірақ біз әр секунд пен әр минутты тиімді өткізуге тырыстық, бар күшімізді салдық. Бір күннің ішінде сан түрлі сезімді бастан өткердік: қобалжу да, қуаныш та болды.

Жеке өзім үшін турнирдің басталуы өте қиын болды. Өз-өзіме келе алмай, сергіп үлгермедім. Кейін Өзбекстан құрамасымен өткен өте ауыр матчта бір ғана ұпай айырмасымен жеңіске жеттік. Ең бастысы, сол кедергіден өттік.

Одан кейін Дания құрамасымен кездестік. Даниялықтар тактикалық тұрғыдан қате шешім қабылдады, ал біз оны өз пайдамызға асыра білдік. Кейін де оңай болған жоқ. Мысыр мен Украина – өте мықты әрі қолайсыз қарсыластар. Олар кез келген команданы жеңе алады. Сондықтан бұл кездесулер де өте қиын өтті. Алайда біз бәрін еңсере алдық.

Алғашында жеңіске жеткенімізді толық түсіне алмадық. Қазір бір-бірімізге әзілдеп: «Қайырлы таң, әлем чемпионы! Қалың қалай, әлем чемпионы?» – деп айта аламыз. Дегенмен мұның мәнін бірнеше күн өткен соң ғана толық түсінесің. Ал әзірге мен жай ғана Ерлікпін.

Өткен жылы біз қола жүлде алдық, ал биыл әлем чемпионатын да, Азия чемпионатын да жеңіп шықтық. Меніңше, біз үшін бұл өте табысты маусым болды. Әрине, маусым әлі аяқталған жоқ. Бірақ бір жылдың ішінде әлем чемпионаты мен Азия чемпионатында жеңіске жету – үлкен жетістік. Енді Азия ойындарының медалін алсақ бұдан да жоғары нәтиже болар еді. Алайда қазірден болжам жасағым келмейді. Біз тек әрі қарай жұмыс істейміз.

Мінбердегі қолдау керемет болды. Әсіресе финалда ағам Нұрдостың дауысын анық естідім. Ол жанкүйерлермен бірге менің атымды ерекше айтып, қолдап отырды. Мұны анық сезіндім. Сондай-ақ басқа елдердің жанкүйерлері де біздің «Қазақстан, алға!» деген ұранға қосылып кеткені қатты қуантты", – деді Ерлік Сертай.

Украина құрамасына қарсы өткен финалда Вадим Шарлаимов жарақат алып, Қазақстан құрамасы тайм-аут алуға мәжбүр болды. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол айқасқа қайта оралып, команданың басымдығын сақтап қана қоймай, оны арттыра түсті. Кейін оның орнына Руслан Курбанов шықты.

"Тамаша нәтиже. Жігіттер бар күшін салды. Әрқайсысы өз міндетін толық орындады. Соның арқасында көздеген мақсатымызға қол жеткіздік. Біз қиын жолдан өттік, көп еңбек еттік. Мұның бәрі өз жемісін берді. Нәтижесінде алтын медальді иелендік.

Командалық жарыстың басталуы шынымен де қиын болды. Бұл қалыпты жағдай. Өйткені спортшы әлі толық қызбай жатып, бірден айқасқа шығады. Біртіндеп қарсыласына бейімделіп, әдістерді қолдана бастайды. Әдетте алғашқы бір-екі кездесуден кейін өзіңді әлдеқайда сенімді сезінесің.

Қазір ішкі сезімімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл – керемет әсер. Алғашында әлем чемпионы атанғанымызға сене алмадық. Оның үстіне біз мұндай жетістікке Қазақстан тарихында алғаш рет қол жеткіздік. Біз шынымен де тарих жаздық. Әрине, бәріміз ерекше қуаныштымыз. Бұл – үлкен жетістік.

Осыған дейін біз Азия чемпионатында жеңіске жетіп, әлем біріншілігіне Азия чемпиондары ретінде келген едік. Шынымды айтсам, біз нәтижеге қатты мән берген жоқпыз. Тек өз жұмысымызды атқардық. Бүкіл команда сенімді өнер көрсетіп, өте аз қателік жіберді. Соның нәтижесінде осындай жетістікке жеттік.

Мінбердегі қолдауға да ерекше тоқталғым келеді. Бізді жанкүйерлер ерекше жігерлендірді. Басқа елдердің өкілдері де біздің жанкүйерлермен бірге қолдау көрсетті. Бізді қолдауға келген отандастарымызға, залда болған барлық жанға және біз үшін алаңдаған басшылыққа алғыс айтамын. Біз мұның бәрін анық сезіндік. Бұл шынымен де ұмытылмас сәт болды", – деді Вадим Шарлаимов.

19 жастағы Кирилл Проходов Гонконгтағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының ең жас шпагашысы атанды. Жекелей сында ол қазақстандық спортшылар арасында ең үздік нәтиже көрсетіп, 16-орынға ие болды. Ал командалық сайыстағы финалдың соңғы нүктесін қойған дәл осы Кирилл еді.

"Нәтижемізді қалай бағалаймын? Ғажап! Біз – әлем чемпиондарымыз. Бұған әлі күнге дейін сену қиын. Мұның мәнін уақыт өте келе ғана түсіне бастайсың. Эмоция өте көп.

Алғашында бұл күннің дәл осылай аяқталатынына, әлем чемпионы атанатынымызға сенбедік. Тіпті, ол кездегі көңіл күйімізді дәл сипаттау қиын, өйткені біз сан алуан эмоцияны бастан өткердік. Әрине, жанкүйерлердің қолдауы ерекше рөл атқарды.

Біз қатарынан екінші жыл жүлдегер атанып отырмыз. Алдымен қола медаль алдық, енді алтынға қол жеткіздік. Бұл – өте жоғары нәтиже. Бұған қоса Азия чемпионатында да жеңіске жеттік. Мұның өзі көп нәрсені аңғартады. Ең бастысы, біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды және барлық еңбегіміздің ақталғанын көрсетеді.

Жанкүйерлер бізге ерекше қолдау көрсетті. Жарыс алдында да, жарыс барысында да, одан кейін де бізге жігер беріп отырды. Осындай ықылас пен қолдау үшін баршаңызға алғыс айтамын".

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары