Өскеменде әскери бөлімнен өз еркімен кетіп қалған мерзімді әскери қызметші іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өскемен гарнизонының Әскери полиция бөлімі таратқан мәліметке сәйкес, Айқын Мархан 23 шілде күні №27943 әскери бөлімінің зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймасында тәуліктік кезекшілікте болған. Таңғы сағат 06:30 шамасында ол қойма аумағынан өз еркімен шығып кетіп, белгісіз бағытқа кеткен.
Қазіргі уақытта әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан тұрғындарынан оның жүрген жерін анықтауға көмектесу сұралады. Әскери қызметшінің нақты орналасқан жері туралы сенімді ақпарат берген адамға ақшалай сыйақы беріледі. Хабарласушылардың құпиялылығы сақталады.
Іздестіріліп жатқан азаматтың белгілері: Айқын Мархан, 2004 жылы туған, бойы шамамен 177 см, салмағы 80 кг-дай, дене бітімі орташа, көзі қара, шашы қысқа әрі қара түсті, бетінде меңдері бар.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол әскери далалық киімде болған. Алайда азаматтық киімге ауысып үлгеруі де мүмкін.
Әскери қызметшінің жүрген жері туралы ақпаратты мына телефон нөмірлері арқылы хабарлауға болады: 8 (7232) 62-34-15, 8 705 508 39 39, 8 775 553 53 35.
