Бұл күндері Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша соттың алдын ала тыңдауы өтіп жатыр. Айыптау актісіне сәйкес, күдікті қызды еркінен тыс алып қашқан, ұзақ уақыт аңдып, кейде екі сағаттың ішінде 76 рет қоңырау шалған. Саябаққа баруға келіспегені үшін 35 жерінен пышақтап тастаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Отырар телеарнасының мәліметінше, Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қоғамдық орында кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті. Өткен жолы денсаулығына байланысты сот отырысына қатыса алмаған айыпталушы Шерхан Аймахан бұл жолы сотқа айдауылмен жеткізілді. Оның мойны мен сол қолы медициналық дәкемен ораулы болды.
Сотта прокурор айыптау актісін оқыды. Айыпталушы Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің «Аса қатыгездікпен адам өлтіру», «Сталкинг» және «Некеге тұруға мәжбүрлеу» баптары бойынша айып тағылған. Прокурор Мадияр Әбілқасымов қылмыстың қалай жасалғанын баяндады.
«Күдікті Аймахан өзінің қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында қалтасына алдын ала дайындап келген пышағын шығарып, жәбірленуші Серікбайдың денесіне пышақпен 5-6 рет жарақат салған. Серікбайдың айқайлаған дауысын есітіп куә Беркімбаева келіп қалғандықтан күдікті өзінің әрекетін қылмыс екенін ұғына тұра жауапкершіліктен жалтару мақсатында қашып кетпекші болып, шамамен 5-6 метр жүгіріп, ары қарай Аймахан ойын соңына дейін жеткізу мақсатында қолындағы пышағымен қайта айналып куә Беркембаеваның көзінше жәбірленуші Серікбайдың жатқан жеріне келіп, пышақпен оған жалпы 35 рет дене жарақатын салған. Оның тоғызы шаншылып, кесілген жарақат. 24 данасы шаншылып кесілген жарақаттар. Салынған дене жарақатынан Серікбай оқиға орнында көп қан жоғалтып, қайтыс болған. Ал күдікті Аймахан қылмыстық ойын соңына дейін жеткізіп оқиға орнынан қашып кеткен», – дейді прокурор.
Прокурордың сөзінше, марқұм Нұрай Серікбай үйінен дүкенге шыққан. Сол сәтте оны көрген айыпталушы саябаққа бірге баруды ұсынған. Алайда Нұрай келіспеген. Айыптау тарапының мәліметінше, осыдан кейін Шерханның оны өлтіру ниеті туған. Нұрай мен Шерхан туыстарының тойында танысқан. Біраз уақыт кездесіп жүрген соң жігіт оған үйленуге ұсыныс жасаған. Алайда Нұрай отбасын құруға әлі ерте екенін айтып, ұсыныстан бас тартқан. Соған қарамастан, айыпталушы қызды еркінен тыс алып қашқан. Нұрай көмек сұрағаннан кейін ағалары полиция қызметкерлерімен бірге оны Шерханның үйінен алып кеткен. Бұдан кейін де Шерхан Нұрайдың соңына түсіп, аңдуын тоқтатпаған. Кейде небәрі екі сағаттың ішінде оған 76 рет қоңырау шалған. Нұрай кездесуден бас тартқанымен, айыпталушы қайта-қайта хабарласа берген. Соның салдарынан бойжеткен телефон нөмірін екі рет ауыстыруға мәжбүр болған. Алайда Шерхан оның жаңа нөмірін де анықтап, мазалауын жалғастырған.
Айыпталушы тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ сот процесіне журналистердің қатысуына және істің онлайн көрсетілуіне үзілді-кесілді қарсы болды. Бұдан бөлек, істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды сұрады. Сот тараптардың пікірін тыңдап, басты сот талқылауын тағайындау үшін кеңесу бөлмесіне шықты. Нәтижесінде сот процесі 28 шілдеде басталатын болды. Сондай-ақ судья журналистердің қатысуы мен сот отырысын тікелей эфирде көрсету мәселесіне қатысты шешімін жариялады.
«Тараптар бір біріне қарама-қарсы пікірде болғандықтан тікелей онлайн жүргізуге рұқсат жоқ. Алайда Қылмыстық процестік кодекстің 29-бабына сәйкес ашық сот болғандықтан ашық сот болғандықтан БАҚ құралдарына қай кезде түсіруіне, қатысуына мүмкіндік бар. Келіп, қатыса берсін. Ешқандай кедергі жоқ. Келісім болмағандықтан тікелей эфирде көрсетуге рұқат жоқ», – дейді судья.