Испания құрамасының футболшылары Гави мен Фабиан Руиске әлем чемпионатындағы жеңісі үшін ерекше сый алды. Спортшылардың туған қаласы Лос-Паласиос-и-Вильяфранкада әрқайсысына өз салмағына тең мөлшерде қызанақ берілді, деп хабарлайды turkystan.kz sport.onliner.by-ға слтеме жасап.
21 шілдеде қала әкімдігінде өткен салтанатты рәсімде футболшылар алдымен таразыға тартылды. Нәтижесінде Фабиан Руиске 85 келі, ал Гавиге 68,5 келі жергілікті «Bombón Colorao» сұрыпты қызанақ табысталды. Сыйлықтың жалпы салмағы 153,5 келі болды.
Бұл Лос-Паласиос-и-Вильяфранкада қалыптасқан ерекше дәстүр саналады. Қала қызанақ өсіруімен танымал, сондықтан халықаралық жарыстарда жетістікке жеткен жергілікті спортшыларға олардың салмағына тең өнім беру құрметтің белгісіне айналған. Бұған дейін 2010 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жеткен осы қаланың тумасы Хесус Навас та осындай сыйлық алған.
Гави мен Фабиан Руис Испания құрамасымен бірге 2026 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жетті. 19 шілдеде Нью-Йорк пен Нью-Джерси аумағындағы стадионда өткен финалда Испания Аргентинаны қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңді. Жалғыз голды 106-минутта Ферран Торрес соқты. Бұл Испания құрамасының тарихындағы екінші әлем чемпиондығы болды.
Қала билігі екі футболшының құрметіне жергілікті футбол алаңдарының атауын өзгертуді де жоспарлап отыр. Сондай-ақ Гави, Фабиан Руис және Хесус Навасқа арналған ескерткіш орнатылмақ.