Алматылық келіншек балалардың көзінше зообақтағы арыстандарға тас лақтырған

/
Алматылық келіншек балалардың көзінше зообақтағы арыстандарға тас лақтырған
видеодан скриншот

Алматыда сот хайуанаттар бағына келген әйелді арыстанға тас лақтырғаны және балаларына сондай әрекетті көрсеткені үшін айыппұл төлеуге міндеттеді. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тараған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жарияланған кадрларда әйелдің Алматы хайуанаттар бағында арыстанның қоршауына қарай әдейі тас лақтырып, балаларына да солай істеуді көрсетіп тұрғаны байқалады. Басқа келуші ескерту жасағаннан кейін ол оқиға орнынан кетіп қалған.

Алматы қалалық полиция департаменті әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланғаннан кейін Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізгенін мәлімдеді.

Тәртіп бұзған әйелдің жеке басы жедел анықталды. Оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік жауапкершілік жүктелді.

Сот шешімімен әйелге 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Полиция мұндай әрекеттің жануарларға зиян келтіруі мүмкін екенін, қоғамдық тәртіпті бұзатынын және балаларға теріс мінез-құлық үлгісін қалыптастыратынын атап өтті.

«Жануарларға зиян келтіруі мүмкін, айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін немесе балаларға теріс үлгі болатын әрекеттерге жол беруге болмайды. Кез келген заңға қайшы іс-әрекетке Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары