Екібастұзда абақтыдан мерзімінен бұрын шыққан әйел тағы бір адамды пышақтап өлтірген

/
Екібастұзда абақтыдан мерзімінен бұрын шыққан әйел тағы бір адамды пышақтап өлтірген
istockphoto.com

Екібастұз қаласының 28 жастағы тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Әйел шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғаннан кейін небәрі бірнеше ай өткен соң қайтадан аса ауыр қылмыс жасаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға биылғы қаңтар айында Энергетиктер көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. Сот мәліметінше, айыпталушы таныс ерлі-зайыптының үйіне қонаққа келген. Олар бірге спирттік ішімдік ішіп отырған кезде пәтерге көрші әйел кірген. Екі әйелдің арасында жанжал туындағанымен, сол жерде отырғандар оны тез арада тоқтатқан.

Алайда жанжал мұнымен аяқталмаған. Сот анықтағандай, айыпталушы кек алуға бел буған. Ол подъезде 34 жастағы пәтер иесіне шабуыл жасап, оны соққыға жыққан. Кейін екеуі қайтадан пәтерге кіргенде, әйел пышақ алып, жәбірленушінің жамбас тұсына бірнеше рет сұққан. Жараланған әйел баспалдақ алаңына қашып шығып, сол жерде есінен танып қалған.

Осыдан кейін шабуыл жасаған әйел қайтадан пәтерге оралған. Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясының айтуынша, ол жәбірленушінің бірге тұратын ер адамы өзінен кек алуы немесе қарсылық көрсетуі мүмкін деп қауіптеніп, оны өлтіруге шешім қабылдаған. Ол кезде 32 жастағы ер адам ұйықтап жатқан.

«Пәтерге қайта оралғаннан кейін сотталушы жәбірленушінің бірге тұратын ер адамы өзінен кек алуы мүмкін деп қауіптеніп, ол ұйықтап жатқан сәтте өмірлік маңызды ағзаларына бірнеше рет пышақ сұғып, қасақана өлтіруді көздеген», – деді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.

Алайда ол мұнымен де тоқтамаған. Баспалдақ алаңына қайта шығып, жараланған әйелді қайтадан ұрып-соғып, бірнеше рет пышақтап, басын еденге ұрған. Ауыр жарақат алғанына қарамастан, жәбірленуші аман қалған.

Сот әйелді адам өлтіргені және адам өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп таныды. Қылмыстар жиынтығы бойынша оған 16 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұған қоса, алдыңғы үкім бойынша өтелмеген 6 айлық жаза осы мерзімге қосылды.

Сот барысында анықталғандай, бұл сотталған әйелдің өміріндегі алғашқы адам өлтіру емес. 2018 жылы ол дәл осындай қылмыс жасағаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғанымен, бостандыққа шыққаннан кейін алты айға жетпейтін уақыт ішінде қайтадан аса ауыр қылмыс жасап, сот алдына келген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар