Павлодарлық полицейлер зейнеткердің алаяқтар алып кеткен 2 млн теңгесін қайтарып берді

/
Павлодарлық полицейлер зейнеткердің алаяқтар алып кеткен 2 млн теңгесін қайтарып берді
polisia.kz

Павлодар қаласы полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде телефон алаяқтарының кезекті схемасының жолы кесіліп, жәбірленушіге 2 млн теңге көлеміндегі қаражат толық көлемде қайтарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Белгісіз адамдар өздерін мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткер әйелге қоңырау шалып, оның банк шотына "шабуыл жасалғанын" айтқан.

Психологиялық қысым көрсету арқылы олар әйелді жинақтағы 2 млн теңгені қолма-қол шешіп алып, өздеріне беруге көндірген. Сондай-ақ оған "тегін" таксиге отырып, Геринг көшесіндегі мекенжайға бару тапсырылған.

Тергеу барысында көрсетілген мекенжайға таксиді белгісіз ер адамның шақырғаны анықталды. Алаяқтар зейнеткерге ақшаны тапсыру кезінде "Шуба" деген код сөз айтылатынын ескерткен. Белгіленген жерге жеткенде оған расында да бір әйел жақындап, аталған код сөзді айтқан. Осыдан кейін зейнеткер 2 млн теңгені оған табыстаған.

Алайда көп ұзамай екі әйел де алаяқтардың құрбаны болғандарын түсініп, полицияға жүгінді.

Павлодар қаласы полициясының жедел уәкілдері Бекзат Мақажанов пен Абдули Әлімбергеновтің, сондай-ақ тергеуші Илья Бородадың кәсіби әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде ақша қаражаты толық көлемде заңды иесіне қайтарылды.

– Алаяқтар өздерінің қылмыстық тәсілдерін үнемі жетілдіріп, азаматтарды асығыс шешім қабылдауға мәжбүрлеу үшін психологиялық қысым көрсету әдістерін қолданады. Егер телефон арқылы сізді шұғыл түрде ақша беруге көндірсе, код сөз айтса немесе бұл туралы жақындарыңызға айтуға тыйым салса, әңгімені бірден тоқтатыңыз. Бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамаңыз және дереу полицияға хабарласыңыз, – деді Павлодар қаласы полициясының аға жедел уәкілі Бекзат Мақажанов.

Полиция азаматтарды қырағылық танытып, өзін мемлекеттік органның немесе банк қызметкері ретінде таныстырған бейтаныс адамдардың айтқанына сенбеуге шақырады. Ешбір мемлекеттік орган немесе банк қызметкері телефон арқылы ақша беруді, "қауіпсіз шотқа" аударуды немесе код сөз арқылы бөгде адамға қаражат тапсыруды талап етпейді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары