Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында егде жастағы азаматқа қатысты жасалған қылмыстық әрекет жедел ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу мәліметі бойынша, кешкі уақытта 73 жастағы жалғыз тұратын зейнеткердің үйіне белгісіз тұлға заңсыз кірген. Қылмыскер ашық тұрған терезе арқылы еніп, жәбірленушіден ақша талап еткен. Қорқыныш астында қалған қарт әйел 32 мың теңгесін беруге мәжбүр болған.
Ақшаны алған соң, ер адам үйдегі басқа да заттарды ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған.
Жәбірленушінің нақты сипаттамасының арқасында полиция қызметкерлері күдіктіні жедел анықтап, қолға түсірді.
Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Тәртіп сақшылары халықты қарт туыстарының қауіпсіздігіне баса назар аударуға және бейтаныс жандар жайлы дереу хабарлауға шақырады.