Алматының Наурызбай аудандық соты «Нұр-Мұқасан» тобының мүшесі Мұқасан Шахзадаевтың үйінде әнші Ғалымжан Сүлейменді ұрып-соққан Азамат Есеркеновке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Politico.kz сайтының мәліметінше, 14 шілде күні ашық сот отырысы хатшы Ж.Дәулетқұлдың, мемлекеттік айыптаушы прокурор Б.Жүністің, сондай-ақ жәбірленушінің адвокаты А.Жанысов пен сотталушының қорғаушысы С.Усупжановтың қатысуымен өтіп, іс материалдары толық қаралды.
Сот құжаттарына сәйкес бұл оқиға 2025 жылдың 20 қарашасында түске таман Алматыдағы Қалқаман-2 ықшамауданының Саурық батыр көшесінде орналасқан Мұқасан Шахзадаевтың үйінде болған. Бұл күні үй иесі мен жәбірленуші Ғалымжан Сүлеймен спирттік ішімдік ішіп отырған жеріне сағат 13:00 шамасында әншінің әкімшісі Азамат Есеркенов пен Б.Қойсоймасов есімді тағы бір танысы қосылып, отырыс жалғасқан.
Ішімдікке масайған Ғалымжан Сүлеймен қасындағыларға балағат сөздер айтып, олардың ар-намысына тие бастаған соң үй иесі оған қайту қажеттігін ескерткен. Осы кезде Азамат Есеркенов жәбірленушіні итеріп ауладан сыртқа шығарып жібергенімен, ол қақпаны ұрып, айғайлап, былапыт сөздер айтуын тоқтатпаған. Шулаған жәбірленуші қақпаны қайта ашқан сәтте Азамат Есеркенов оның бет тұсы мен басына бірнеше рет соққы жұмсаған.
Іс материалдарын қараған сот Азамат Есеркеновті Қылмыстық кодекстің 108-1-бабының 1-бөлігі бойынша (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) кінәлі деп танып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жаза тағайындады. Сот үкіміне сәйкес кінәлі тұлға бір ай ішінде мемлекетке 86 500 теңге айыппұл төлеуге және жәбірленушілерге өтемақы қорына қосымша 19 660 теңге аударуға міндеттелді.