Қытайдың Ордос қаласында жеңіл атлетикадан жастар арасында Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Отандастарымыз сары құрлық біріншілігінде екі күміс, төрт қола жүлдемен көзге түсті.
Анастасия Рыпакова (ұзындыққа секіру) және Алина Чистякова (жетісайыс) күміс жүлдемен жарысты аяқтады.
Ал Максим Балабин (сырықпен секіру) және Ясмина Тоқсанбаева (спорттық жүріс) қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар Анна Шумило, Екатерина Пузырева, Татьяна Но, Дарья Гридасовадан құралған әйелдер командасы 4х100 метрлік эстафетада үшінші орын алды.
Одан бөлек, отандастарымыз 4х400 метрлік эстафетада қола медальға ие болды. Команда сапында Анна Шумило, Анастасия Цвиркунова, Екатерина Колода, Мария Шувалова өнер көрсетті.
Осылайша Қазақстан жалпы командалық есепте сегізінші орынға тұрақтады.
Қытай құрамасы көш бастады (23 алтын, 17 күміс, 12 қола). Екінші орынға Жапония құрамасы жайғасты (7 алтын, 8 күміс, 7 қола). Үздік үштікті Өзбекстан түйіндеді (5 алтын, 4 күміс, 1 қола).