2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы хайуанаттар бақтары мен океанариумға 2,6 миллион адам келген. Бұл көрсеткіш рекордтық 2024 жылмен (2,8 млн адам) салыстырғанда аздап төмен болғанымен, алдыңғы жылдардағы деңгейден айтарлықтай жоғары, деп хабарлайды turkystan.kz.
Energyprom.kz мәліметінше, жоғары сұраныс қаржылық көрсеткіштерден де байқалады. Саладағы көрсетілген қызмет көлемі рекордтық 2,6 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 23,5%-ға артқан. Ал 2015 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,5 есеге өскен.
Келушілердің негізгі бөлігі, яғни шамамен 89%-ы ірі мегаполистерге тиесілі. Көш басында Алматы қаласы тұр – мұнда 1,1 миллион адам хайуанаттар бағына барған. Одан кейін Шымкент (716,2 мың адам) және Астана (517,4 мың адам) орналасқан.
Келушілер саны мен табыстың өсуіне қарамастан, елдегі хайуанаттар бақтарының саны азайып келеді. 2025 жылы Қазақстанда 8 хайуанаттар бағы және бір океанариум жұмыс істеді.
Өңірлік бөліністе хайуанаттар бақтары еліміздің 20 өңірінің жетеуінде ғана жұмыс істеген. Бір-бірден Абай, Ақмола, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында орналасқан. Ал Астанада екі хайуанаттар бағы және елдегі жалғыз океанариум бар.
2025 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстандағы хайуанаттар бақтары мен океанариумда жалпы саны 14,4 мың жануар, құс және балық болған.