Ай мен Марсқа қалаған адам бара алады – Илон Маск

/
Ай мен Марсқа қалаған адам бара алады – Илон Маск
сурет: istockphoto.com

SpaceX компаниясының негізін қалаушы Илон Маск алдағы он жылда Ай мен Марсқа мыңдаған адамды жіберуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол радиожүргізуші Шон Хэннитидің бағдарламасында сөйлеген сұхбатында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Масктың айтуынша, компанияның жоспары бойынша алғашқы астронавт алдағы екі-үш жыл ішінде Айға қонады. Осыдан кейін ғарыштық сапарлар қарқыны біртіндеп артып, болашақта Айға барғысы келетін кез келген адамға мүмкіндік берілуі мүмкін.

Оның сөзінше, ұзақ мерзімді мақсат – Айда өзін-өзі қамтамасыз ететін ірі қала салу. Мұнда адамдар тұрақты тұрып қана қоймай, турист ретінде де бара алады.

Марсқа ұшу әлдеқайда күрделі екенін атап өткен кәсіпкер алғашқы адамдарды Қызыл ғаламшарға бес жыл ішінде жеткізуді көздейтінін айтты. Ал келесі 10–12 жылда Марсқа мыңдаған адамның аттануына үміт білдірді.

Сондай-ақ Маск ғарыштағы есептеу инфрақұрылымын дамыту жоспары туралы да айтты. Оның мәліметінше, SpaceX келесі жылы алғашқы жасанды интеллектіге арналған жерсеріктерді ұшыруды жоспарлап отыр, ал кейінгі екі жылда бұл жобаны ауқымды деңгейде іске асыруды көздейді.

Алайда бұл мәлімдемелер әзірге компанияның ұзақ мерзімді жоспарлары ғана екенін ескерген жөн. Қазіргі таңда SpaceX Айға адамдарды жеткізуге арналған Starship кемесін сынақтан өткізіп жатыр. Ал Марсқа адам жіберу мерзімі нақты бекітілмеген және ол техникалық сынақтардың нәтижесіне, сондай-ақ халықаралық ғарыш бағдарламаларының дамуына байланысты болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары