Қазақстандық Руслан Шаекин Канадада ерекше олжаға кенелді. Ол Британдық Колумбия провинциясындағы Фрейзер өзенінен салмағы 300 келіден асатын алып ақ бекіре ұстаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Руслан Шаекин бұл сәтті әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, әлемдегі ең ірі ақ бекірелер дәл осы Фрейзер өзенінде кездеседі. Қазақстандық балықшы командасымен бірге осы жерге арнайы барғанын және арманы орындалғанын жазды.
"Әлемдегі ең үлкен ақ бекірелерді Канаданың Британдық Колумбия провинциясындағы Фрейзер өзенінен ұстауға болады. Біз дәл осы жерге үлкен олжа үшін келдік. Бүгін арманымыз орындалды", – деді ол.
Ұсталған ақ бекіренің ұзындығы 305 сантиметр болған. Ал құйрығына дейінгі жалпы ұзындығы 327 сантиметрге жеткен. Денесінің жуандығы 115 сантиметрді құраған.
Руслан Шаекиннің айтуынша, бұл өлшемдерге қарап, балықтың салмағы шамамен 300-350 келі деп болжанған. Ал жасы 85 пен 100 жылдың аралығында болуы мүмкін. Балықта арнайы чип болмағандықтан, ол бұған дейін ешқашан ауланбаған деген болжам айтылды.
Балықшы мұндай алып олжаны ұстау үшін тек тәжірибе емес, сәттілік пен дұрыс уақыттың да маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, жанындағы сенімді команда мен мақсатқа деген сенім бұл сапарда үлкен рөл атқарған.
"Мұндай алып олжаны ұстау – үлкен бақ. Мұнда бәрі маңызды: сәттілік, қолайлы маусым, жаныңдағы сенімді адамдар және ең бастысы – мақсатыңа деген сенім", – деді Руслан Шаекин.
Ол сондай-ақ өздеріне жол көрсеткен гидтің тәжірибесін ерекше атап өтті. Айтуынша, гид бес жасынан бері балық аулайды, ал өткен жылдың өзінде Фрейзер өзеніне 185 күн шыққан. Соған қарамастан, ұзындығы үш метрден асатын бекіре оның өмірінде небәрі екінші рет кездесіп отыр.