Конституциялық Соттың шешімдері Конституция нормаларын біркелкі қолдануға бағытталған – Лаура Қарабасова

Конституциялық Соттың шешімдері Конституция нормаларын біркелкі қолдануға бағытталған – Лаура Қарабасова

Конституциялық Соттың ресми түсіндірмесін құқықтық айқындық, Конституцияның үстемдігі және нормаларды бірізді қолдану қағидаттары тұрғысынан бағалау қажет. Бұл туралы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басқарма төрағасы - ректоры, "Әділет" партиясы саяси кеңесінің мүшесі Лаура Қарабасова өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Бүгін Конституциялық Соттың ресми түсіндірмесіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі ретінде бұл мәселеге құқықтық тұрғыдан тоқталған жөн деп санаймын.

Қазақстан халқы қабылдаған жаңа Конституция елдің құқықтық жүйесінде жаңа кезеңді қалыптастырды. Осыған байланысты Конституциялық Сот жаңа конституциялық нормаларды қолдану тәртібіне ресми конституциялық-құқықтық түсіндірме беріп, олардың құқықтық салдарын нақтылады. Бұл түсіндіру тек бір ғана лауазымға қатысты емес, Конституцияда көзделген бірнеше мемлекеттік лауазымға бірдей қолданылады және Негізгі заң нормаларын бірізді қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған.

Ең бастысы, Конституциялық Соттың түсіндірмесі қандай да бір тұлғаны автоматты түрде тағайындауды немесе сайлауды білдірмейді. Сондай-ақ Конституцияда бекітілген бір рет қана тағайындалу немесе сайлану қағидаты өзгеріссіз сақталады. Сондықтан бұл мәселені құқықтық айқындық пен Конституция нормаларын біркелкі қолдану тұрғысынан бағалау маңызды", – делінген жазбада.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Конституциялық Сот бірқатар лауазымды адамды тағайындау мен сайлау мәртесі туралы нормалардың қолданылу тәртібін түсіндірген болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары