Әріптесінің қымбат әшекейін ұрлаған Астана тұрғыны ұсталды

/
Әріптесінің қымбат әшекейін ұрлаған Астана тұрғыны ұсталды
polisia.kz

Елордада кондитерлік дүкен қызметкері әріптесінің бағалы әшекейін қолды қылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Астанада бір ұжымда жұмыс істейтін қызметкерлер арасындағы сенімге селкеу түсірген ұрлық дерегі ашылды. Күдікті өзімен бірге еңбек ететін әріптесінің бағалы әшекейін ұрлап, әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Оқиға Алматы көшесіндегі кондитерлік дүкендердің бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 31 жастағы әйел қызметкер жұмыс кезінде әріптесінің қараусыз қалған сөмкесін пайдаланып, оның ішінен алтын білезікті жасырын түрде алып кеткен.

Ұрланған әшекейдің құны 250 мың теңгені құраған. Біраз уақыттан кейін алтын бұйымының жоғалғанын байқаған жәбірленуші полицияға арызданған. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын бастап, дүкендегі бейнебақылау камераларының жазбаларын мұқият зерделеген.

Жазбалар барысында күдіктінің сөмкеден алтын білезікті алып жатқан сәті анықталған. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады.

Тергеу барысында күдікті өз кінәсін мойындады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция азаматтарға қоғамдық орындарда ғана емес, жұмыс орнында да жеке заттарын қараусыз қалдырмауға және бағалы бұйымдарын сақтауға мұқият болуға кеңес береді.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары