Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін шетелдік отбасы асырап алған Жәнібек әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа жазба жариялап, биологиялық анасын іздеу жұмыстарының қазіргі барысына тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, әзірге іздеу процесіне қатысты толық мәлімет бере алмайды. Себебі бұл іспен ресми түрде адвокат айналысып жатыр.
"Қазір анамды іздеу туралы көп нәрсе айта алмаймын. Өйткені бұл мәселемен ресми адвокат жұмыс істеп жатыр. Бірақ іздеу жұмыстарын Америкада жалғастыруымыз мүмкін", – деп жазды Жәнібек.
Сондай-ақ ол өзінің өміріне қатысты тың болжамын да бөлісті. Жәнібектің пікірінше, дүниеге келген перзентханада оны америкалық отбасы асырап алған басқа бір сәбимен шатастырып жіберуі мүмкін.
"Мүмкін, мені туған перзентханада америкалық отбасы асырап алған басқа бір баламен шатастырып жіберген шығар. Бұл туралы алдағы жазбаларымда кеңірек айтып беремін", – деді ол.