Жандос Шаймарданов: Жаңа Конституция құндылықтардың жаңа жүйесін қалыптастырады

/
Жандос Шаймарданов: Жаңа Конституция құндылықтардың жаңа жүйесін қалыптастырады

Жандос Шаймарданов,

Президент жанындағы ҚСЗИ директоры:

Құндылықтардың жаңа жүйесін қалыптастырады

– Жалпыхалықтық референдумда қабыл­данған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл – ауқымды конституциялық реформаның аяқталуы ғана емес, сонымен қатар елдің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңінің басталуы. Біз күшті институттарды дамыту­ға, саяси жүйе мен әлеуметтік-экономикалық саланы дәйекті жаң­ғыртуға негізделген жаңа тарихи кезеңге қадам бастық.
Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – қоғам болып атсалы­сып, жан-жақты сараланып, кәсіби сараптамалық жұмыстың нәтиже­сін­де қабылдануы. Ата Заңды әзірлеуге Парламенттік реформа жө­нін­дегі жұмыс тобы мен Конституциялық комиссияның қызметі негіз бол­ды. Бұл құрылымдар ғылым өкілдерін, мемлекеттік органдарды, депу­таттық корпусты, саяси партияларды, азаматтық қоғам инс­ти­тут­тарын және сарапшылар қауымдастығын біріктірді. Азаматтардан келіп түскен мыңдаған ұсыныс құжаттың соңғы редакциясын әзірлеу барысында жан-жақты қарастырылды. Мұндай тәсіл жаңа Консти­туцияның қоғамдық легитимділігін едәуір күшейтіп, Қазақстандағы конституциялық құрылыс ашық диалог пен кең қоғамдық консенсус қағидаттарына негізделетінін айқын көрсетті.
Жаңа Конституция институционалдық өзгерістер шеңберінен әлдеқайда кең екенін баса айту қажет. Ол жаңа мемлекет моделінің құн­дылығын айқындайды, мұнда бірінші орында – адам, оның құ­қығы, бостандығы мен қадір-қасиеті. Осылайша, адамға бағдарланған қағидат тек саяси декларация ретінде ғана емес, мемлекеттік саясат­тың мазмұнын айқындайтын конституциялық принцип ретінде бекітіліп отыр.
Сонымен қатар Ата Заң конституциялық құндылықтардың жаңа жүйесін қалыптастырады. Мемлекеттік егемендік, аумақтық тұтастық, уни­тарлық құрылым және мемлекеттің зайырлы сипаты сияқты дәс­түрлі қағидаттармен қатар, әділеттілік, заң мен тәртіп, әлеуметтік ын­тымақтастық, этносаралық және конфессияаралық келісім ерекше маңызға ие болуда. Аталған құндылықтардың конституциялық дең­гейде бекітілуі олардың құқық шығармашылық және құқық қолдану тәжірибесі үшін негізгі бағдарға айналатынын білдіреді.
Елдің стратегиялық даму ресурстарын түсінудегі тәсілдердің өз­геруі де – аса маңызды. Бұған дейін негізгі назар дәстүрлі түрде табиғи ре­сурстарға аударылса, жаңа Конституция білім беру, ғылым және ин­новациялар арқылы адами капиталды дамытуды басым бағыт ре­тінде бекітеді. Осылайша, мемлекеттің бәсекелесуге қабілеті қоғам­ның зияткерлік әлеуетімен, білім сапасымен және инновацияларды қалыптастыру қабілетімен айқындалатын даму моделіне көшуді мақсат етпекпіз.
Жаңа Конституцияның тағы бір ерекшелігі – оның қазіргі тех­нологиялық сын-қатерге бейімделгені. Конституциялық деңгейде ал­ғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқығын қорғауға ке­пілдік беріліп отыр. Бұл цифрландыруды тек технологиялық үдеріс ретінде ғана емес, сонымен қатар жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және конституциялық құқықты қорғаудың жаңа тетіктерін та­лап ететін құқықтық үдеріс ретінде түсіну деген сөз.
Мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігін күшейту жаңа конс­титуциялық модельдің маңызды элементтерінің бірі ретінде айқын­далды. Конституцияда мемлекеттік органдардың жұмысына салғырт қарағаны үшін жауапкершілікке тартатын, сондай-ақ билік органдарының заңсыз шешімдері немесе іс-әрекеттері салдарынан келтірілген залалды өтеуге кепілдік беретін нормалар бекітілген. Осылайша, қазіргі заманғы құқықтық мемлекеттің басты белгілерінің бірі саналатын мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігі қағи­даты едәуір нығая түседі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары