Қарағанды облысында банк менеджері несие рәсімдеу арқылы миллиондаған теңге жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Саран қаласы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында банктердің бірінде менеджер болып жұмыс істеген 23 жастағы күдіктіні ұстады.
Тергеу мәліметінше, күдікті қызметтік мүмкіндігін және клиенттердің сенімін пайдаланып, олардың келісімінсіз сұралған сомадан әлдеқайда жоғары көлемде несие рәсімдеп отырған.
Ал несие алушылар өздеріне аз мөлшерде қарыз берілді деп есептеп, шын мәнінде мойындарына ірі көлемдегі несиелік міндеттеме жүктелгенін тек уақыт өте келе анықтаған.
Қазіргі уақытта полицияға төрт жәбірленуші жүгінді.
Алдын ала есеп бойынша келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 6,9 миллион теңгеден асады.
Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігіне сәйкес (Алаяқтық) қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар күдіктінің осыған ұқсас басқа да алаяқтық фактілеріне қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Полиция азаматтарды несие рәсімдеу кезінде барлық құжаттарды мұқият оқып шығуға, рәсімделетін несие сомасын жеке бақылауға және ешбір жағдайда ұялы телефонын, банктік қосымшаларына қолжетімділікті, SMS-кодтар мен жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады.