Қызылордалықтарға тегін жер телімі үлестірілуде

Қызылордалықтарға тегін жер телімі үлестірілуде

Қызылордалықтарға тегін жер телімі үлестірілуде
ашық дереккөзі

Қызылорда қаласының тұрғындарына жер телімі үлестіріле бастады. Енді шаһардағы әр отбасы қала маңындағы Қаратабан аумағынан жер алып, бау-бақша өсіре алады. Қалалық әкімшілік бұл мақсатта 50 гектардай жер телімін бөлген. Көкөніс пен бақшалық өнімдерді егіп, қыс азығын қамдау үшін берілген мұндай мүмкіндікті пайдаланғысы келетіндер қарасы көп. Солардың бірі – Руслан Мұхамедәлі. Жергілікті басылымнан хабарландыру оқыған қала тұрғыны алғашқылардың бірі болып Қаратабаннан телім алыпты. «Көкөністің барлық түрін базардан сатып аламыз. Бұл отбасы бюджетіне кәдімгідей салмақ, енді жер алып, түрлі өнім егіп, қыстық азықты өзіміз қамдайтын болдық», – дейді Руслан. Ол химиясыз, таза көкөніс пен бақша дақылдарын өсіремін деп 30 сотық жер алған. Бау-бақша өнімдерін егуге арналған аумақта су мәселесі толық шешіліпті. Қала билігі тіпті аумақты қоршап та берген. Қызылордалықтарға тек ерінбей еңбек ету ғана қалып отыр. Ақсуат елді мекеніне қарасты Қаратабан алқабы қаладан 12 шақырым қашықтықта. «Кезінде көкөніс егілген бұл алқаптың өнімділігі жоғары, жері құнарлы», – дейді қаланың бас агрономы. Тұқымды жер жалдаушылар өздері табады. Әр отбасы өз мүмкіншілігіне қарай он немесе жиырма, отыз, тіпті елу сотыққа дейін жерді жалдай алады. Бір айта кетерлігі, бақшалық жер тегін және тек бір егіс науқанына ғана беріледі. Жергілікті билік көлік мәселесін де шешіп қойған. Ауыл шаруашылығы бөліміндегі мамандар айтуынша, көкөніс егіп, өнімді жинап болғанша, арнайы автобустар қала мен егіс алқабы арасында тұрақты түрде қатынамақ.