2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/16 финалында Англия құрамасы Конго Демократиялық Республикасын 2:1 есебімен жеңді. Осы нәтижеден кейін ағылшындар турнирдің келесі кезеңіне шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Матч Англия үшін сәтсіз басталды. Кездесудің 7-минутында Конго ДР шабуылшысы Брайан Сипенга ұзын пасты ұтымды пайдаланып, қақпаның жақын бұрышын дәл көздеді.
Англия құрамасы ұзақ уақыт бойы есепті теңестіре алмай жүрді. Конго ДР қорғаныста жинақы ойнап, қарсыласына оңай мүмкіндік бере қойған жоқ.
Тек 75-минутта Харри Кейн таразы басын теңестірді. Энтони Гордонның қапталдан асырған добынан кейін Англия капитаны баспен дәл соққы жасап, есепті 1:1-ге жеткізді.
Ал 86-минутта Кейн тағы да мергендігімен көзге түсті. Ол айып алаңы маңынан қуатты соққы жасап, допты қақпаның жоғарғы бұрышына бағыттады.
Осылайша Англия құрамасы қиын басталған кездесуде жеңісті жұлып алып, әлем чемпионатының 1/8 финалына өтті.
Келесі кезеңде Англия Мексика құрамасымен кездеседі. Матч 6 шілде күні Қазақстан уақытымен таңғы 05:00-де басталады.
Айта кетейік, 1 шілдедегі ойын күнінде Бельгия – Сенегал және АҚШ – Босния және Герцеговина кездесулері де өтеді.