Биыл жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Ата Заң – мемлекеттілігі орныққан, халықаралық кеңістіктегі беделі қалыптасқан, өзінің тарихи тамырын айқындаған, болашағына зор сеніммен қарайтын Қазақстанның Конституциясы. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин "Жас Алаш" басылымына шыққан мақаласында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Ұлттық бірегейлігіміздің нақты айқындала түсуіне маңызды қадам жасалады. Алғаш рет Ата Заңның преамбуласында тарихи тамырымыз қамтылғаны мәлім. Мемлекет қызметінің негіз құраушы қағидаттарының қатарына тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау секілді тың нормалар қосылды. Дәстүрлі отбасы институтын сақтау, ата-анаға қамқорлық көрсету, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау маңызды басымдық болып бекітілді.
Айрықша атап өтерлігі, қазір болып жатқан өзгерістердің маңыздылығы – бір саяси модельден екіншісіне көшуде немесе жаңа институттардың құрылуында ғана емес. Алдағы кезеңдегі ең үлкен маңызды бетбұрыс – қоғамдық сананың, қоғамдық саясаттың кезекті рет жаңғырып, жаңаруы. Себебі Президент реформалары қазірдің өзінде қоғамдық кеңістікті жандандырып, қозғалысқа түсірді. Қоғам сахнасына жаңа тұлғалар, жаңа күштер шыға бастады.
Бұл – іргелі өзгерістердің басы ғана. Өйткені алдағы уақытта Құрылтайға, Қазақстан Халық Кеңесіне, одан кейін болашақта жергілікті мәслихаттарға отаншыл азаматтардың жаңа буыны келеді. Олар жаңа ұғымдар мен тәсілдерді, жаңа риторика мен көзқарастарды алға шығарады. Мұның бәрі қоғамның пассионарлық энергиясына оң әсер етіп, тың күш-жігер беріп, елдің өркендеуіне жаңа серпіліс әкеледі. Себебі өзгерістерді өзінің өне-бойынан өткізген қоғам қалыптасатын энергияны белгілі бір жаңашылдықтар, жаңа басымдықтар мен идеялар арқылы пайдалануға тырысады. Бұл – қоғамдық дамудың өзіндік бір логикасы.
Сондықтан қазір Қазақстанда басталғалы тұрған жаңа өзгерістер ауқымдылығы, тереңдігі, екпінділігі, қарқындылығы жағынан соңғы онжылдықтардағы ең үлкен үдеріс болмақ. Мұны Қазақстан тарихындағы Жаңа Өрлеу кезеңі деп атауға болады", – делінген мақалада.