Өзімшіл қоғамда өгей бала өксиді...

Өзімшіл қоғамда өгей бала өксиді...

Өзімшіл қоғамда  өгей бала өксиді...
ашық дереккөзі
  Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел еді. Алайда уақыт өткен сайын жетімдердің тағдыры қоғамдағы күрделі мәселеге айналып барады. Жатырын жарып шыққан баласын қоқысқа тастап кететін тасжүрек аналар, жетім баланы өгейсітіп, жанын жаралайтын қатыгездер өмір сүретін бүгінгі қоғамда қазақтығымызды жоғалтып аламыз ба деген ой санамызды сансыратып жатқаны рас. Балалар үйіндегі жәутеңкөз жетімдерді өз тәрбиесіне алуға ниеттілердің көптігі жанымызды жайландырғанымен, соңғы мәліметтер бұл үміттің де үзіле бастағанын аңғартқандай.

Жылына 6 мыңнан астам бала асырап алынады

Жетім балалардың көбеюі қоғамның басты індеттерінің біріне айналып отыр. Бұрындары «жетім», «тастанды бала» деген сөзді жиі ести бермейтін едік. Өкінішке қарай, бүгінде бұл ұғымдарды күн сайын құлағымыз шалатын болды. Жетім балалардың жағдайы әрбір жанның жүрегін ауыртқанымен, қолдан келер қайран жоқ. Әрине, ананың аялы алақаны мен әкенің мейірімін көруге зәру балдырғандардың толыққанды отбасында тәрбие алып, ел қатарлы өмір сүруіне мүмкіндік бар. Яғни, балалар үйінің тәрбиесіндегі бүлдіршіндерді асырап алуға ниетті жандар болса, ата-анасыз қалғандарды бауырына басуына болады. Бірақ біздің елдегі қағазбастылық мәселесі бала асырап алушылардың әрекетін кешеуілдетеді. Жетім баланы асырауға ниет білдіргендерді Үкімет қалың құжат жинауға жіберіп, қала берді ұзақ күттіріп қояды. Десек те, тағдырдың тауқыметін кішкене күнінен сезінген бүлдіршіндерді бауырына басып, мейірімін төгетін отбасылар баршылық. Өткен жылдың соңында депутаттар елімізде бала асырап алу тәртібін өзгерту қажеттігі жөнінде сөз қозғаған. Жаңа өзгеріс бойынша жетім бала өзі өмір сүретін отбасын таңдауға құқылы болуы керек. Үкімет осы арқылы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздардың құқығын қорғауды мақсат еткен. Көбінесе асырап алушылар балалар үйіне келіп, ондағы балалар арасында таңдау жүргізетіні жасырын емес. Бұл жағдай онсызда жаны жаралы балапандар үшін психологиялық ауыр соққы. Өткен жылдың соңындағы деректерге иек артсақ, елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны 29 мың 666-ны құрайды. Ал толық мемлекеттік қамқорлығында қалған балалар саны – 8066. Соның арасында  6436 бала білім беру жүйесіндегі 106 балалар үйлерінде тәрбиеленуде. 828 бала денсаулық сақтау жүйесіндегі 23 сәбилер үйлерінде, ал  802 бала халықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі 17 мүгедектерге арналған үйлерде тәрбиеленуде. Осындай көрсеткіштерді ескерген ел Үкіметі өткен жылдың желтоқсан айында балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің санын азайту қажеттігі жөнінде мәселе көтерген. Айта кетейік, мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған болатын. Қазақстандағы жәутеңкөздердің санын азайту, бала асырап алудың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылдың сәуірінен бастап жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған балалардың және өз отбасына бала асырап алуға ниет білдірген тұлғалардың Республикалық мәліметтер банкі қалыптасқан еді. Жалпы, жыл сайын 6 мыңнан астам бала Жасөспірімдерді бейімдеу орталықтары арқылы асырап алуға, қамқорлыққа және патронаттық тәрбиеге беріледі. Сонымен қатар, туған ата-аналарына қайтарылады немесе жетімдер мен ата-анасының қорғауынсыз қалған балаларға арналған мекемелерге жіберіледі. Сондай-ақ, жаңа туған нәрестелердің ата-анасы анықталмаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдардың қорғаншы және қамқоршы органдары сәбилерді бірден отбасыларына тәрбиеге бере алады. Одан бөлек қаншама қаракөздерімізді шетелдіктер бауырына басып, бауырларымызды кіндік қаны тамған жерінен жыраққа әкетіп жатыр. Қазақ қоғамы жетімін тентіретіп, көрінгеннің қолшоқпарына айналдыруға ешқашан жол бермеген. Ата-анасыз қалған баланы туған-туыстары асырап, өз баласындай жағдай жасаушы еді. Алайда бүгінгі қоғамда туған анасы бас тартқан баланы өзге жақындары бауырына бассын ба?! Сондықтан, жетімдіктің азабын тартқан балапандар өздерін асырап алуға ниетті отбасы табылғанша жетімдер үйін паналауға мәжбүр. Осыдан бір жылдай уақыт бұрын депутат Мұрат Бақтиярұлы қазақ қоғамын жетім балалар үйінен бас тартуға шақырған-ды. Депутат бала асырап алам деген кез келген қазақ отбасын қолдап, қуаттап, мүмкіндігінше сенім білдіре отырып, бала асырап алған жанұялар мен патронат отбасыларға берілетін қаржылай көмек мөлшерін ұлғайту арқылы балалар үйі жүйесінен бас тарту қажеттігін айтқан. Мұрат Бақтиярұлының ұсынысы орынды-ақ. Бірақ жетім балаларды асырап алған отбасыларға қаншалықты сенім артуға болады. Олардың ертеңгі күні бүлдіршіндерді қайтадан жетімдер үйінің табалдырығына әкеліп тастамасына кім кепіл?!

Екінші рет жетім атанғандар көбеюде

Еліміздің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіровтің жасаған соңғы мәлімдемелерінің бірі күмәніміздің бекер еместігін дәлелдеп бергендей. Асқар Шәкіровтің деректеріне сүйенсек, 2015-2016 жылдары елімізде патронаттық тәрбиеге 1841 бала берілген екен. Ал соның ішінде 339 баланы асырап алушылар қайтадан балалар үйіне әкеп тастапты. Осылайша, сонша бала жетімдіктің дәмін екінші рет татуда. Ананың мейірімін сезініп, әкенің ақыл-кеңесін алып, толыққанды отбасында бақытты балалығын өткізуге әзірленген балдырғанның жүрегі екінші рет жараланса, ол баланың болашаққа деген сенімі, келешектен күтер үміті қалар ма екен?! Әрине, жат біреудің баласын бауырына басып, оған өгейлік көрсетпей тәрбиелеу асқан шыдамдылық пен жігерлілікті қажет етеді. Бұл оңай дүние емес. Мұндай тоқтамға келу үшін де отбасылардың жүз ойланып, мың толғанатыны анық. Дегенмен, ақыры осындай шешім қабылдаған екен, мойнына артқан жауапкершіліктен соңына дейін бас тартпау керек емес пе? Орта жолда сөзінен тайып, баланы екінші рет жетімдер үйіне жетектеп барғандары жөн бе? Біз оларды айыптаудан аулақпыз. Дегенмен, әр қадамды ойланып басқан абзал. Статистикалық деректер балалар үйіндегі бүлдіршіндердің 30 пайызы отбасында тәрбиеленгенді қалайтындығын көрсетеді. Бұл балаларды бауырына басып, қамқорлығына алғысы келетіндердің де қатары аз емес көрінеді. Десек те, елімізде асырап алынған әрбір 4 баланың біреуі кері қайтарылады екен. Бұл отбасылық жылуды іздеген бала түгілі, әркімнің жүрегін ауыртатын көрсеткіш. Мамандардың айтуынша, қайтадан тастанды бала атанғын жәутеңкөздердің мұндай жағдайдан кейін үлкендерге деген сенімі мүлдем жойылуы әбден мүмкін. Одан кейін олардың бойында ересектерге деген агрессия туындайды. Қазақстанда бала асырап алудың үш жолы бар: асырап алу, патронаттық тәрбие және қамқорлыққа беру. Баланы асырап алу үлкен жауапкершілікті талап ететін қадам. Яғни, асырап алған отбасы бөтен баланы туған ата-анасындай бауырына басуы керек. Қамқорлыққа алу деп ата-анасынан айрылған балаларды туған-туыстарының қамқорлығына беруді айтады. Ал патронаттық тәрбие – асырап алу емес, ол жетімдіктің алдын алуға және баланың үлкендермен, айналасындағы адамдармен тұрақты қарым-қатынас орнатуына, олардың дұрыс дамуына баса назар аударатын, заңнамалық негізде жүргізілетін тәрбиелік нысан.  Олар баланы бауырына басып, уақытша тәрбиелейді. Патронаттық тәрбие ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қамқоршы орган және баланы тәрбиелеуге ниет білдірген тұлға арасында жасалған келісімшарт бойынша жүзеге асады. Бұл жоба Қазақстанда 2004 жылдан бастап жүзеге аса бастады. Елімізде бала асырап алған отбасына 75 АЕК мөлшерінде бір реттік жәрдемақы беріледі. Ал патронат тәрбиесіндегі балаға ай сайын 10 АЕК және патронат тәрбиешіге білім деңгейіне қарай 35 пен 60 мың теңге аралығында жәрдемақы төлейді. Баланы қамқорлыққа алған отбасына да 10 АЕК мөлшерінде ақша беріледі. Бүгінде статистикалық мәліметтерге сенсек, отбасына алынған балалардың тек 10 пайызы ғана асырап алынған. Ал қалған 60 пайызы патронат тәрбиесі мен қамқорлыққа алынғандар. Бұл барлығы бірдей ақша табу үшін жетім балаларды қамқорлығына алады деген сөз емес. Бірақ ай сайын мемлекет беретін жәрдемақыны алып отыру үшін балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлығына алатындар да арагідік кездесіп жататыны айтылып жатады. Үкіметтің берген ақшасына қызығып, баланы асырап алып, кейін оған дұрыс тәрбие бермейтін адамдардың бар екендігі ащы да болса шындық. Ал бұған жол бермеу үшін елімізде арнайы ата-аналар орталығын ашып, бала асырап алуға ниетті ата-аналарды арнайы дайындау керектігін алға тартатындардың қатары көп. Яғни, балалар жетімдік азабын екінші рет тартпас үшін бала асырап алу ниеті бар ата-аналарды алдын ала дайындау мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек. Ал екінші бір топ жетім балалардың құқығын заңды түрде қорғау қажеттігін айтады. Бұл ретте «Астана» арнасына осы мәселе бойынша пікір білдірген қоғамдық ұйым өкілі Марианна Гурина баланы жетімдер үйіне қайтарғандарға алимент төлету секілді міндеттерді жүктеу керек деп отыр. «Мен заңнамаға өзгерістер енгізілуі керек деп ойлаймын. Егер сіз баланы  асырап алып, кейін тастап кетсеңіз, онда дүниеңізбен бөлісіңіз. Заңда осылай    жазылуы тиіс. Асырап алушы баланы үймен, біліммен қамтысын. Балаға    берген уәдесін бұзғаны үшін оған алимент төлесін», – дейді Марианна    Гурина. Ал балаларды кері қайтару оқиғаларының орын алуына не себеп? Ең бірінші, асырап алушы ата-аналардың дайын болмауы. Сондықтан, әрбір бала асырап алуға ниетті отбасылар бауырына басқан балаға өгейлікті сезіндірмеуі тиіс. Бастысы, өздері бөтен баланы өз баласындай көруге моральдық және материалдық тұрғыдан әзір болуы міндетті. Әйтпесе, жетім баланың жанын жаралап, жүрегін ауыртуға ешкімнің де құқығы жоқ. «Жерде бір жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деген қазақтың дана сөзі бар. Баланы көрінген отбасына жетектетіп жіберуге болмайды. Жақсы тәрбие бере алатын, үлгі бола алатын отбасына ғана сеніп тапсыру керек.  Мемлекет ақша береді деп баланы асырап алып, кейін оны таяқтың астына алып жатса немесе жетімдер үйіне қайтадан жетектеп келсе, не істей аламыз? Сондықтан, бұл мәселеге келгенде ойланып барып қана шешім шығару керек. Барлығын әбден салыстыра отырып, қайсысы шын мәнінде тиімді екенін ескеру қажет. Не нәрсе жасасақ та, жүйелі түрде жұмыс жасағанымыз абзал.