252
100 адам бүйрек ауыстыру кезегінде тұр
100 адам бүйрек ауыстыру кезегінде тұр
Он жылдан бері бүйрек дертімен науқастанатын зайыбым Бейбіт Дәулетқалиев соңғы кезде қатты ауырып, қиын жағдайда қалған едік. Қазір жан-жақты тексеруден өтіп, мамандарға қаралып, бетіміз бері қарап келеді.
Бұл туралы Орал қаласының тұрғыны, Құрманғазы атындағы музыка колледжінің оқытушысы Жаннат Әмірғалиева мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. Оның айтуынша, бүйрек ауыстыру үшін оған донор қажет. Оның үстіне бірінші топ мүгедегі Бейбіт гепатит ауруын да қоса жамап алған. Қайырымдылық концертін ұйымдастырып көрген екен, оның нәтижесі ойдағыдай бола қоймаған. Ақыры осы тұйықтан шығу үшін не істерлерін білмей, «ҚазАқпарат» агенттігінің басшылығына хабарласқан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Ғалия Құлмұқанованың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде облыста осындай дертке шалдыққан 200-дей адам бар. Соның ішінде 100 адамнан қандары алынып, олар бүйрек ауыстыруға кезек күтуде. Бейбіт Дәулетқалиев те сәйкес келетін бүйрек табылса, отаға жіберілетін болады. Оған дейін гепатитінен де емделеді. «ҚазАқпараттан» хабарласқаннан кейін Ғалия Миронқызы сол бойда өз тарапынан қозғау салды. Қазір ем-дом өз алдына, гепатолог, эндокринолог сынды мамандарға қаралудамыз. Осы уақытқа дейін тура жолды білмеппіз. Сондықтан біздің отбасымызға қолұшын созып, көмектескен «ҚазАқпарат» агенттігіне алғысымызды айтамыз», деді Жаннат Мұратқызы. Айта кетейік, 30 сәуір күні Орал қаласындағы жастар шығармашылығы орталығында Бейбіт Дәулетқалиевті қолдауға арналған тағы бір қайырымдылық кеші өтеді.