Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылында қайғылы оқиға болды. Көкпекті өзеніне 2011 жылы туған қыз бала батып кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала мәліметінше, бір топ жасөспірім ересектердің қарауынсыз су жағасында болып, өзенде шомылған. Оқиға орнына келген құтқарушылар қыз баланың денесін жағадан шамамен 20 метр қашықтықта, 4 метр тереңдіктен тапқан.
Аталған өзен учаскесінде шомылуға тыйым салынғанын білдіретін белгі орнатылғаны атап өтілді. Бұл белгі биылғы жылдың 2 маусымында қойылған. Сонымен қатар жазғы демалыс басталар алдында білім беру ұйымдарында су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері бойынша профилактикалық сабақтар өткізілген.
Ведомство азаматтарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылмауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.