Әл-Фараби даңғылындағы жол-көлік оқиғасына байланысты тағы бір қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы мәліметті Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
26 наурыз күні, Әл-Фараби даңғылындағы жол апатынан бірнеше күн өткен соң, ІІМ ресми мәлімдеме жасаған болатын. Ведомствоның ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Ішкі қауіпсіздік департаментінде қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.
Бұған дейін ІІМ бұл істің Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 362-бабы 1-бөлігі («Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша тергеліп жатқанын мәлімдеген болатын.
«2026 жылғы 3 маусымда Қылмыстық кодекстің 362-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде, яғни қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды», – деп хабарлады ІІМ.