Ұлттық ұлан сарбаздарына грант сертификаттары табысталды

/
Ұлттық ұлан сарбаздарына грант сертификаттары табысталды
Ұлттық ұлан

Астанада Ұлттық ұланның елордалық құрамасында "Сарбаз 2.0" республикалық бағдарламасы аясында сарбаздарға білім гранттарының сертификаттарын табыстау салтанаты өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ауқымды білім беру жұмыстары мемлекеттің бастамасы бойынша іске асырылуда. Бұл жоба азаматтық борышын адал атқарған жастарды қолдауға, әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған.

Биыл ұландықтарға 660-тан астам білім гранттары берілді, оның ішінде елордалық ұландықтарға бұйырған 14 сертификат салтанатты жағдайда табысталды. Бұл — еліміздегі барлық күш құрылымдар арасындағы ең жақсы көрсеткіш. Бағдарламаға қатысуға Ұлттық ұланның мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерінің 60 пайызы ниет білдірген, бұл жастарды білім алуға және кәсіби дамуға ынталандырудың жоғары деңгейін көрсетеді.

Сертификаттарды үздік сарбаздарға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков табыстады. Ол аталмыш жобаның грант иелерінің болашағы үшін нақты перспективалар ашатынын атап өтті:

- Бүгін сертификат алған әрбір әскери қызметші бұл нәтижеге өз еңбегімен және білімге деген ұмтылысымен қол жеткізді. Болашақта дәл осындай жастар білікті мамандарға, сұранысқа ие кадрларға және мемлекетіміздің сенімді тірегіне айналары сөзсіз, - деді Аңсаған Скендерұлы.

 Отан алдындағы парызын өткерген азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелеріне мемлекет тарапынан ерекше назар аударылады. Қарулы Күштер, басқа да әскери құрылымдар мен жоғары оқу орындары арасындағы өзара ықпалдастықтың арқасында бағдарлама жеңімпаздары тегін негізде оқуға, стипендия алуға мүмкіндік алады және жатақханалармен қамтамасыз етіледі.

Биыл төрт мыңға жуық мерзімді әскери қызмет сарбаздары осы бағдарламаға қатысуға өтініш берген. Үздіктердің үздіктері — жауынгерлік дайындық, тәртіп және арнайы тапсырмаларды орындауда ерекшеленген сарбаздар жеңімпаз атанды. Гранттардың бөлінуін қатысушылардың қорытынды рейтингі анықтады.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Қазақстанның 70-тен астам жоғары оқу орны конкурс жеңімпаздарын оқуға қабылдау туралы меморандумға қол қойған.

Білім беру гранттарын табыстау құқықтық тәртіп әскері қатарындағы қызметтің беделін арттыратын және жас Отан қорғаушылардың жеке және кәсіби тұрғыда өсуіне нақты мүмкіндіктер беретін маңызды шешім.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары