Балқаш ауруханасында қайтарылған активтердің есебінен жүргізілген ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталды, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
Осылайша Балқаш, Приозерск қалаларының, Саяқ кентінің, сондай-ақ Шет және Ақтоғай аудандарының тұрғындары жаңартылған корпустарда диагностика мен ем алудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізді.
"Аурухана 340 жатын орынға арналған және барлық дерлік бейінді бөлімшені қамтиды. Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде негізгі ғимаратқа ауданы шамамен 1,4 мың шаршы метр болатын жаңа қосымша корпус салынды", - деп жазылған хабарламада.
Мұнда қолданыстағы барлық стандартқа сәйкес келетін заманауи қабылдау бөлімі орналастырылды. Кадрлық қамтамасыз ету тұрғысынан бүгінде мұнда шамамен 900 қызметкер, оның ішінде 150-ге жуық дәрігер жұмыс істейді.
Биыл ұжымға травматолог, екі сәулелік диагностика маманы және екі интервенциялық кардиолог қосылды. Резидентураны аяқтағаннан кейін уролог, хирург және терапевттерді қоса алғанда, тағы бірнеше маманның келуі күтіліп отыр, дейді министрлікте.
Тораңғалық және Шұбартүбек курорттық кенттерінде медициналық пункттер жұмыс істейді. Оларға жергілікті тұрғындармен қатар туристер де жүгіне алады.