"Елу жыл бұрын уәде берген": Түркістандық әжей 70 жасында ұзатылды

/
"Елу жыл бұрын уәде берген": Түркістандық әжей 70 жасында ұзатылды
Айдана Дайырова

Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Сарапхана ауылының 70 жастағы тұрғыны Борангүл Низзова күйеуімен 50 жыл отасқаннан кейін ақ көйлек киіп, төркінінен ұзатылды. Мұның сырын кейуана Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Борангүл әжейді 19 жасында үш жігіт алып қашқан. Айтуынша, тіпті алып қашқан жігіттердің қайсысы болашақ жары екенін білмеген.

"Ол заманда алып қашқан жігітті сотқа беру деген жоқ. Жылап-жылап көнесің. Кемпірлер жолыңа жатып алады. Мені алып қашқан үш жігіттің қайсысы күйеуім екенін де білмедім. Сөйтсем күйеуім бір үйдің еркетотай баласы екен", – дейді ол.

Борангүл апаның жастық шағындағы ең үлкен арманы ақ көйлек киіп, ұзатылу болған.

"Келін болып түскенде той жасалып, ақ көйлек кидім. Бірақ арманым ол емес еді. Лимузинге мініп, ақ көйлекпен ұзатылғым келетін. Ол кезде ондай мүмкіндік болмады. Сонда жолдасым: "Алла қаласа, елу жыл бірге өмір сүріп, алтын тойымызды атап өтсек, сені төркініңнен ақ көйлек кигізіп, лимузинмен алып кетемін" деп уәде берген еді", – дейді кейуана.

Борангүл Низзова мен Ербосын Молдабеков бес бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олар 27 немере мен екі шөбере сүйіп отыр. Ербосын ата ұзақ жылдар бойы жүргізуші болып еңбек етсе, Борангүл әжей аспаз болған.

Араға жарты ғасыр салып, Ербосын ата жарына берген уәдесін орындап, оны ақ көйлек кигізіп, лимузинмен ұзатып алған.

"Сол сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Қыз кезіңдегі арманың орындалса, қалай қуанбайсың?! Өзімді ерекше бақытты сезіндім. Ал атаң әзілқой адам ғой. Лимузиннің жүк салғышын ашып, "мені осында салыңдар" деп, жұртты күлдірді", – дейді Борангүл апа.

Кейуана махаббаттың бар екеніне сенеді.

"Бастапқыда бұл некеге көнгім келмеді. Екі балалы болғанға дейін кетіп қалғым келетін. Кейін бір-бірімізді түсініп, жақсы өмір сүрдік. Махаббат деген тек сыйлық беру немесе еркелету емес. Ол – сыйластық, қиындықты бірге еңсеру, бір-біріне қолдау көрсету", – дейді ол.

Жарты ғасыр бірге өмір сүрген жұптың арасында ұсақ-түйек келіспеушіліктер болғанымен, бір-бірінің көңілін қалдырмауға тырысқан.

"Мен ешқашан күйеуіме дауыс көтеріп, жанжал шығарған емеспін. Ашуы басылған соң ғана ойымды айтатынмын. Қатал ененің қолында өстім. Бірақ баламды көтеріп, төркінге кетіп қалған кезім болған жоқ", – дейді Борангүл Низзова.

Оның пікірінше, отбасының берік болуы өзара сыйластыққа байланысты.

"Қазіргі жастардың жағдайы жақсы. Бірақ ажырасу көбейіп кетті. Ерлі-зайыпты бір-бірін сыйлап, түсіне білсе, шаңырақ берік болады", – дейді 70 жасында ақ көйлек киіп, ұзатылған әже.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары