Тәртіп саласын цифрландыру: Қарағанды өңірінде әскери қызметшілер мен азаматтардың өтініштерін қабылдау үшін анонимді Telegram-бот іске қосылды

/
Тәртіп саласын цифрландыру: Қарағанды өңірінде әскери қызметшілер мен азаматтардың өтініштерін қабылдау үшін анонимді Telegram-бот іске қосылды
Фото: ұлттық ұлан

Құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқыққа қарсы фактілерді уақтылы анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы ІІМ Орталық өңірлік әскери-тергеу басқармасының Қарағанды әскери-тергеу бөлімі ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "Орталық" өңірлік қолбасшылығымен бірлесіп, Kamkorlyk_bot анонимді Telegram-ботын әзірлеп, іске қосты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Анонимді Telegram-бот — әскери ұжымдарда заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға, кез келген құқық бұзушылыққа төзбеушілікті қалыптастыруға және қоғамдағы құқықтық мәдениет деңгейін арттыруға бағытталған заңдылық пен құқықтық тәртіпті күшейтудегі тиімді қадам.

Жаңа цифрлық сервис сыбайлас жемқорлық көріністері, жарғыдан тыс қарым-қатынастар, есірткі құралдарының заңсыз айналымы, қызметтік жағдайды асыра пайдалану, сондай-ақ өзге де құқық бұзушылықтар мен қылмыстық фактілер бойынша өтініштерді жедел қабылдауға арналған.

Әзірлеушілер платформаның басты артықшылықтарының бірі — өтініш берушілердің анонимділігінің толық сақталуында дейді. Келіп түскен әрбір хабарлама белгіленген тәртіппен қаралады, ал жүгінген адамдардың құпиялылығына кепілдік беріледі.

Telegram-ботты енгізу әскери қызметшілермен және тұрғындармен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға, заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ ықтимал бұзушылықтарға уақтылы ден қою үшін қосымша тетіктер жасауға бағытталған.

Қызметті әскери қызметшілер, күш құрылымдарының қызметкерлері және заңсыз фактілер туралы ақпараты бар азаматтар пайдалана алады. Бүгінгі таңда Kamkorlyk_bot Telegram-боты Қарағанды қаласының, Қарағанды облысының және Ұлытау облысының аумағында жұмыс істейді.

Жоба бастамашылары азаматтарды заң бұзушылықтарға бей-жай қарамауға және тиісті ақпарат болған жағдайда олар туралы анонимді байланыс арнасы арқылы хабарлауға шақырады, бұл жедел ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары