Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша біздің аймақта көш бастап тұр – Тоқаев

/
Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша біздің аймақта көш бастап тұр – Тоқаев
Ақорда

Бүгін Астанада «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форум өтіп жатыр. Форумда Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Инвестиция тартудың тағы бір маңызды факторы бар. Астана халықаралық қаржы орталығында Сот пен Арбитраж орталығы ағылшын құқығы қағидаттарына сай жұмыс істейді. Елімізде Үкімет жанынан Инвестициялық штаб құрылған. Аталған штаб соңғы уақытта инвестициялық жобаларға қатысты түйткілді мәселелерді жедел шешу арқылы өзінің тиімділігін көрсетті. Сонымен қатар Президент Жарлығымен Бас Прокуратурада Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Біз іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға барынша мүдделі мемлекет ретінде осы саладағы жұмысты айрықша назарда ұстаймыз. Қазір Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша біздің аймақта көш бастап тұр», - деді Президент.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылғанын да жеткізді.  

«Бірақ босаңсуға болмайды. Табанды жұмыс істеп, бұдан да биік белестерге ұмтылуымыз керек. Бұған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Атап айтқанда, жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылды. Соның ішінде қаржы саласына және «қарқынды дамитын қалаларға» арнаулы құқықтық режим енгізу туралы шешім қабылданды. Баршаңызға мәлім, мен жақында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға қол қойдым. Бұл маңызды құжатта «ақылды қалаға» тән дербес экожүйе қалыптастырудың құқықтық негізі бекітілді. Арнайы құқықтық режим мемлекеттік басқару мүмкіндіктерін кеңейтуді, соның ішінде сот жүйесінің ерекше жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Алдыңғы қатарлы реттеу құралдары үздік әлемдік тәжірибені енгізуге, озық инновациялық шешімдерді сынақтан өткізуге және осы бірегей жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – Алатау қаласын болашақтың цифрлық агломерациясына, жаңа технологияларды тарту орталығына айналдыру. Мемлекет бизнес өкілдерімен ашық, өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын», - деді Президент.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары