Астанада «AMANAT» партиясы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен және «Daryn Ustaz» орталығымен бірлесіп Республикалық «EduAI: Педагогикалық хакатонын» өткізуде. Екі күнге жоспарланған іргелі іс-шара барысында педагогтердің жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу бойынша әдістемелік шешімдері жоба ретінде ұсынылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бүгінде маңызды міндеттердің бірі – жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу, педагогтердің цифрлық сауатын арттырып, жаңа технологияларды сабақ үдерісінде тиімді пайдалану. Осы мақсатта «AMANAT» партиясы Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, «Ustazga AI» жобасын қолға алды. Бұл бастама мыңдаған педагогтің жаңа технологияларды игеруіне мүмкіндік берді. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім беру ұйымдарының 400 мыңға жуық педагогі арнайы оқытудан өтіп, жаңа технологияны игеру, оны күнделікті сабақта қолдану ісінің қыр-сырын меңгерді. «Ustazga AI» жобасының екінші кезеңіне 3500 педагог өз жобасын жолдап, нәтижесінде үздік 400 жоба іріктелді.
Алқалы жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтер, Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері және сарапшылар қауымы қатысты.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, бұл хакатон – тәжірибе алмасатын, жаңа идеялар мен тың бастамаларға жол ашатын маңызды алаң.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойған болатын. Президентіміз жасанды интеллект технологиялары әлемдегі қалыптасқан өмір салтын түбегейлі өзгертіп жатқанына ерекше мән береді. Сондықтан еліміз де бұл өзгерістерге дайын болып, уақыт оздырмай нақты әрекет етуі керек екенін айтып келеді. Бір жылға жуық уақыт ішінде елімізде цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы жұмыстар қарқын ала түсті. Бүгінде цифрландыру экономикадан бастап, мемлекеттік қызмет көрсетуге дейінгі барлық салаға дендеп еніп келеді», – деді ол.

Оның айтуынша, еліміз цифрландыру деңгейі бойынша көшбасшы мемлекеттердің қатарына енді. Халықаралық рейтингтердің деректеріне сәйкес, Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша әлемде 24-орында тұр және цифрлық мемлекеттік қызметтері жоғары деңгейде дамыған елдер тобына кіреді. Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы – онлайн форматта. Олардың басым бөлігі eGov порталы мен мобильді қосымшалар арқылы көрсетіледі. Қазақстанда интернетті пайдалану деңгейі 93 пайызды құрайды, ал азаматтардың көпшілігі мобильді интернетті тұрақты пайдаланады. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде Қазақстан Орталық Азиядағы технологиялық хаб ретіндегі мәртебесін нықтап, өңірдегі цифрлық дамудың көшбасшысына айналды.

«AMANAT» партиясы да цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қоғам өміріне енгізу мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Атап айтқанда, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» Заңды әзірлеуге бастамашы болды. Бұған қоса, партия «Цифрлық қоғам» жобасын жүйелі жүзеге асыруда. Сондай-ақ партияда цифрлық комиссар институты енгізіліп, бұл қадам азаматтардың цифрлық ортадағы құқығын қорғау ісіне ықпал етіп отыр. Партияның сайлауалды бағдарламасында педагогтер қауымын толғандырған мәселелер қамтылды. Сонымен қатар партия ұстаздардың алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» Заңды жетілдіру жұмысын қолға алды. Бұған қоса, 3 мыңнан астам мектеп жаңғыртылды.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева жасанды интеллектіні пайдалана білудің мәні мен маңызына тоқталды.
«Балаларымыз бен педагогтеріміздің жасанды интеллектіні пайдалана білуі және оны білім беру үдерісінде дұрыс қолдануы аса маңызды. Тек осы жағдайда ғана технологиялар нақты пайда әкеліп, болашақтың бәсекеге қабілетті, экономикалық тұрғыда белсенді әрі сұранысқа ие азаматтарын даярлауға ықпал етеді», – деді депутат.
Осы орайда, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов жасанды интеллект білім беру саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
«Бүгінде мәселе жасанды интеллектіні пайдалану немесе пайдаланбау туралы емес. Негізгі мәселе – оны ойлау қабілетін алмастыратын құрал емес, даму тетігіне айналдыру. Жасанды интеллект білім беру саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Алайда балалардың сыни ойлау қабілетін, оқу сауатын және өз бетінше шешім қабылдау дағдыларын сақтап, ары қарай дамыту да аса маңызды», – деді ол.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун жасанды интеллектіні дұрыс қолдану мәселесіне назар аударды.
«Біздің мақсатымыз – жасанды интеллектіні дұрыс қолдануға бағытталған ойлау мәдениетін қалыптастыру. Себебі бұл – әлемнің көптеген салаларын түбегейлі өзгертіп жатқан бағыт. Бүгінде біз Біріккен Ұлттар Ұйымының бірқатар көрсеткіштері бойынша көшбасшы елдердің қатарына еніп отырмыз. Атап айтқанда, мемлекеттік онлайн-қызметтерді дамыту деңгейі бойынша әлемдегі үздік он мемлекеттің қатарына кіреміз. Сонымен қатар бүгінде көптеген шешімдер деректерді талдау мен жасанды интеллект технологияларын пайдалану негізінде қабылдануда», – деді ол

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова бүгінде білім беру жүйесі заман талабына сай жаңғырып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу процесіне енгізу жұмысы жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.
«Мұндай өзгерістер ұстаздарымыздың кәсіби дамуына және білім сапасын арттыруға тың серпін беруде. Жуырда ғана Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасы орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шықты. Аталған Жарлықта педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын көздейтін жасанды интеллект технологияларын кәсіптік қызметіне нұқсан келтірмей және оны алмастырмай білім беру процесіне қосымша тиімді құрал ретінде пайдалануды қамтамасыз ету көзделген», – деді вице-министр.

Бұл ретте, «Daryn Ustaz» орталығының жетекшісі Асқар Мақсат педагогтердің тағылымдамадан өткізу мәселесіне мән берді.
«Хакатон қорытындысы бойынша үздік 20 педагог тағылымдамадан өту үшін «Daryn Ustaz» орталығы қаражаты есебінен Оңтүстік Кореяға жіберіледі. Бүгінде Оңтүстік Корея жасанды интеллект технологияларын орта білім беру жүйесіне тиімді енгізген әлемдегі жетекші мемлекеттердің бірі саналады. Сондай-ақ дәл осы елде аталған саладағы ең мықты технологиялық компаниялар шоғырланып отыр. Атап айтқанда, педагогтеріміз капитализациясы 1 миллиард АҚШ долларынан асатын әрі Оңтүстік Корея мектептерінің 98 пайызы пайдаланатын I-Scream Media компаниясының тәжірибесімен танысып, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер орта білім беру жүйесіне нақты қалай енгізіліп жатқанын зерделей алады», – деді ол.

Ал Qazaq AI Research University проректоры Мадина Тыныбаева жасанды интеллект педагогтер қауымының көмекшісіне айнала бастағанын жеткізді.
«Сауалнамаға қатысқан педагогтердің 93,3 пайызы инновацияларға оң көзқарас танытып отыр. Жасанды интеллект мұғалімнің жаңа көмекшісіне айналып келеді. Алайда ол педагогикалық шеберлікті алмастыра алмайды. Оның құндылығы құралдың өзімен емес, оны оқу үдерісіне қаншалықты тиімді енгізе білумен айқындалады», – деді ол.
Айта кетейік, хакатон қорытындысы бойынша үздік деп танылған 20 қатысушы Оңтүстік Кореядағы халықаралық тәжірибе бағдарламасына жолдама алады.