2026 жылғы футболдан әлем чемпионатын робот иттер күзетпек

/
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатын робот иттер күзетпек
сурет: youtube

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты қарсаңында Солтүстік Америка стадиондарында робот иттер пайда болды. АҚШ-тың Техас штатындағы Арлингтон қаласында орналасқан AT&T Stadium аренасында Boston Dynamics компаниясының Spot атты төрт аяқты роботтары қауіпсіздік қызметіне көмектесіп жүр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жоба Hyundai компаниясының бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Компания мұны «ең ірі әрі ең озық робот қауіпсіздік жүйесі» деп атады. Робот иттер стадион аумағын патрульдеп, күмәнді сөмкелер мен қауіпті заттарды тексереді. Boston Dynamics өкілдері олардың бет-әлпетті тану жүйесімен жабдықталмағанын мәлімдеді.

Алайда әлеуметтік желі қолданушылары бұл технологияны «Black Mirror» сериалындағы робот-иттермен салыстырып, алаңдаушылық білдіруде. Әсіресе құқық қорғау ұйымдары полицияның шамадан тыс «роботтандырылуы» қоғамда бақылаудың күшеюіне әкелуі мүмкін екенін айтып отыр.

Сонымен қатар Мексикада да K9-X атты төрт робот ит қолданылып жатыр. Олар жаппай төбелес пен мас күйдегі жанжалдарға араласу үшін пайдаланылмақ.

Бұған дейін Spot роботтары мұнай платформаларын тексеру, археологиялық қазбаларды картаға түсіру, пицца жеткізу және SpaceX сынақ алаңдарын бақылау жұмыстарында қолданылған. Енді олар әлем чемпионатындағы қауіпсіздік жүйесінің бір бөлігіне айналады.

2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Турнир тарихтағы ең ауқымды дода болмақ: оған 48 құрама қатысып, 104 матч 16 қалада ұйымдастырылады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары