Орал қаласының полиция қызметкерлері қала аумағындағы сауда орындарында жасалған мүліктік қылмыстар сериясын жедел түрде ашты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті түнгі уақытта сауда нүктелерінің пластикалық есіктерін бұзып кіріп, ақша қаражатын, ұялы телефондарды және өзге де бағалы мүліктерді ұрлаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аталған қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен Орал қаласының 40 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды.
Қазіргі уақытта оның төрт бірдей қылмысқа қатысы бары белгілі болды. Ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды.
Аталған деректер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, күдіктіге екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге мүлкін тәркілей отырып бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.