Турист тарту үшін есегін зебра қылып бояп қойған тұрғын жұртты таңғалдырды (ВИДЕО)

/
Турист тарту үшін есегін зебра қылып бояп қойған тұрғын жұртты таңғалдырды (ВИДЕО)
видеодан скриншот

Алматы облысындағы Түрген шатқалында жол бойында жайылып жүрген зебраға ұқсас екі жануардың видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Кадрлар желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік бұл өңірде зебраның қайдан жүргеніне таңғалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Видео авторының айтуынша, ол Түрген маңында жолдан жүгіріп өткен екі "зебраны" көріп, қатты таң қалған.

"Түрген маңында жолдан өтіп бара жатқан екі зебраны көрдім. Таңданысымда шек болмады", – дейді ол.

Алайда кейін Алматы облыстық полиция департаменті бұл жануарлардың шын мәнінде зебра емес екенін хабарлады. Түрген шатқалындағы Асы үстіртіне апаратын жол бойында жүрген жануарлардың иесі анықталған.

Жануар иесінің сөзінше, ол демалыс аймағына туристерді тарту мақсатында ақ есектерді бояп, уақытша зебраға ұқсатып қойған.

Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, жануарлардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеген. Дегенмен құқық қорғау органдары бұл жағдайға құқықтық баға беру және жануарларға қатысты талаптардың сақталған-сақталмағанын анықтау үшін тексеріс жүргізіп жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары