Футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионаты тікелей эфирден көрсетіледі

/
Футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионаты тікелей эфирден көрсетіледі
istockphoto.com

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтетін футболдан Әлем чемпионатын Қазақстан аумағында көрсету құқығына ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстандық жанкүйерлер чемпионат матчтарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады. Сонымен қатар ойындар qazaqstan.tv, qazsporttv.kz сайттары, «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы және «Birge.tv» платформасы арқылы онлайн көрсетіледі.

XXIII Әлем біріншілігі тарихта алғаш рет бірден үш елде – АҚШ, Канада және Мексиканың 16 қаласында ұйымдастырылады. Жаһандық додада алғаш рет 48 құрама бақ сынайды. Турнир аясында жалпы 104 матч өтеді.

Трансляциялармен қатар бір ай бойы матчтар алдында тікелей эфирде арнайы бағдарламалар ұсынылады. 11 маусымнан бастап «Қазақстан» телерадиокорпорациясының түсірілім топтары Әлем чемпионаты өтетін қалалардан репортаждар әзірлеп, тікелей қосылымдарға шығады.

Футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионаты ойындарын Қазақстан аумағында көрсету құқығы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясына тиесілі. Чемпионат матчтарын өзге ақпараттық ресурстарда рұқсатсыз трансляциялауға және таратуға тыйым салынады. Ел аумағындағы мемлекеттік және жекеменшік ғимараттарда, қоғамдық орындарда көрсетілімдер тек құқық иесінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар