816
Алматы қаласының метросы абыр-сабыр
Алматы қаласының метросы абыр-сабыр
Бүгін кешкі сағат 7 шамасында Алматы қаласының метрополитені аяқасты дүрлікті. «Мәскеу» бағытынан шыққан пойыз жолаушыларды толтырып алғанына қарамастан, «Жібек жолы» бекетінен түсірді.
Шұғыл шешім шығарған метрополитен қызметкерлері мән-жайды сұраған жолаушыларға жұмған аузын ашқан жоқ. Қоғамдық көліктің осы түрімен жүретін жолаушыларлың да бойын үрей билеп, тезірек сыртқа шығуға асықты. Себебі жақында ғана Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы метрода болған оқиға көптің есінен кете қоймағаны анық.
Қаптаған полицей қызметкерлері не үшін жүр? Қандай да бір оқыс жағдай орын алды ма? Әзірге бұл сауалдың басы ашық. Алайда, діттеген жеріне жетпеген жолаушылар метрополитен қызметкерлерінен өтемақы төлеуін талап ететіндігін айтуда. «Егер біздің тезірек далаға шығуымызды сұранса, демек бір жағдай болды деген сөз. Метрода жүру қауіпті ме, жоқ па, жолаушы ретінде білуім керек. Сондықтан халықты шулатпай, не болғанын ашып айтсын» дейді жолаушылар.
Шын мәнінде, метрода не болды екен?!
«Метрополитен» баспасөз қызметінің хабарлауынша, біреуден «жарылыс құрылғысы бар» деген анонимді қоңырау келіп түскен. «Соған байланысты жолаушыларды барлық стансадан сыртқа шығару жұмысы шұғыл жүргізілді. Азаматтардан босқа даурықпауды өтінеміз. Бәрі де жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жасалуда» деді баспасөз хатшысы Ажар Хабиева.