Оралда басталған спорттық және жауынгерлік самбодан Ұлттық ұлан чемпионаты аяқталды. Ел көлеміндегі ірі дода ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогына арналды. Сондай-ақ бұл жарыс Қажымұқан Мұнайтпасұлының туғанына 155 жыл толуына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Үш күнге жалғасқан тартысты бәсекеде Ұлттық ұланның 100-ге жуық жауынгері боз кілемде бақ сынап, күш пен шеберліктің, төзім мен табандылықтың үлгісін көрсетті. Жарыс барысында әр салмақ дәрежесінде үздіктер анықталып, әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығы мен спорттық деңгейі сынға түсті.

Салтанатты марапаттау рәсімінде Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков пен Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов сөз сөйлеп, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады.
Олар мұндай ауқымды спорттық шаралар әскери қызметшілердің кәсіби дайындығын арттырумен қатар, жауынгерлердің рухын шыңдауда айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Екінші орын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына бұйырса, үшінші орынды «Орталық» өңірлік қолбасшылығының спортшылары қанағат тұтты.

Айта кетейік, осы додада топ жарған үздік спортшылар мамыр айында Семей қаласында өтетін Ішкі істер министрінің кубогында Ұлттық ұланның намысын қорғайтын болады.