Павлодар қаласында жүргізілген жер жұмыстары кезінде қайғылы жағдай орын алды. Жер қабатының опырылуы салдарынан екі адам көз жұмды. Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар қызметі хабарлады, деп жазады turkystan.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қазылған шұңқырдың тереңдігі шамамен алты метр болған. Оқиға болған сәтте жұмысшылар жер астында қалып қойған. Құтқарушылар жеткенге дейін кәсіпорын қызметкерлері бір адамды өз күштерімен сыртқа шығарып үлгерген.
Оқиға орнына жеткен құтқару қызметі үйінді астында қалған тағы екі адамды алып шықты. Зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, олар жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылған. Алайда, өкінішке қарай, топырақ астынан екі адамның мәйіті табылды.
Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын бастады. Алдын ала нұсқа бойынша, оқиға еңбекті қорғау талаптарының сақталмауымен байланысты болуы мүмкін. Қазіргі уақытта болған жағдайдың нақты себептері мен мән-жайы анықталуда.