Жас дзюдошы халықаралық турнирде чемпион атанды

/
Жас дзюдошы халықаралық турнирде чемпион атанды
Маңғыстау облысы ҚКО

Алматы қаласында дзюдо күресінен белгілі спорт қайраткері Леонид Орловты еске алуға арналған халықаралық ашық турнир өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тартысты додада маңғыстаулық жас спортшы 35+ кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ильяс Ануарұлы барлық қарсыласынан басым түсіп, І орын иегері атанды.

Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, аталған турнирге 2011-2012 және 2013-2014, сондай-ақ 2015-2017 жылдары туған жас дзюдошылар қатысты. Жарысқа Қазақстанның түрлі өңірлерінен бөлек, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген спортшылар да қатысып, өзара бақ сынады. Барлығы 35 команда жиналып, 49 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Ақтау қаласындағы IQ Intellectual School білім ордасының 3 «Б» сынып оқушысы Ильяс Ануарұлы «Ерхан»дзюдо клубында жаттығады. Оның жеке бапкері – тәжірибелі жаттықтырушы Айбар Сайфенов. Бапкер шәкіртін жүйелі түрде дайындап, ірі халықаралық жарыстарға баулып келеді.

Айта кету керек, жас спортшы бұған дейін де халықаралық деңгейде жоғары нәтижелер көрсеткен. 2025 жылы Ташкент қаласында өткен халықаралық турнирде де І орын иеленген болатын. Биылғы жеңісімен Ильяс Ануарұлы халықаралық турнирлердің екі дүркін чемпионы атанып, Ақтау қаласына кезекті жеңісімен оралды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары