Мәжіліс депутаты Ербол Саурықов Премьер-Министр Олжас Бектенов атына депутаттық сауал жолдап, Жамбыл облысындағы қант қызылшасы мен пияз өндірісіндегі жүйелі проблемаларды көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутаттың айтуынша, Жамбыл облысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызы бар өңір саналады. Облыс қант қызылшасының шамамен 50%-ын, ал пияздың 70%-ға жуығын өндіреді.
Алайда соңғы жылдары өндіріс көлемі артқанымен, оны өңдеу мен өткізу мәселелері ушығып отыр. Мәселен, 2024 жылы өңірде 600 мың тоннадан астам қант қызылшасы жиналғанымен, өңдеу қуатының жеткіліксіздігінен өнімнің бір бөлігі уақытында қабылданбаған. Соның салдарынан алқапта қалған қызылша салмағының 20-30%-ын жоғалтқан.
Депутат Меркі қант зауыты қуаты жеткіліксіз әрі тозғанын атап өтті. Нәтижесінде өнімнің бір бөлігі басқа өңірлерге және Қырғызстанға тасымалданған. Бұл жағдай 2025 жылы егіс көлемінің екі есеге қысқаруына алып келген.
Сондай-ақ Доминант қант зауыты құрылысының кешеуілдеуі де алаңдаушылық туғызады. Жоба уақытында аяқталмаса, өңірдегі қант өндірісі мәселесі одан әрі күрделенуі мүмкін.
Қазақстандағы жалпы жағдай да күрделі. Елде жыл сайын 500-550 мың тонна қант тұтынылады, алайда отандық шикізаттан өндірілетін өнім бұл сұраныстың тек 14%-ын ғана жабады.
Пияз өндірісінде де жағдай ұқсас. Жамбыл облысында өндіріс көлемі ішкі сұраныстан бірнеше есе жоғары болғанымен, өткізу арналарының әлсіздігі фермерлерді қиын жағдайға қалдырған. 2024 жылы пияз бағасы 15–20 теңгеге дейін төмендеп, өнім өзіндік құннан төмен сатылған. Соның салдарынан шамамен 140 мың тонна пияз қоймаларда өтпей қалған.
Сонымен қатар фермерлер қант қызылшасын өткізгенімен, зауыттармен есеп айырысу мен субсидия төлемдері бірнеше айға кешіктірілетінін айтқан. Бұл олардың айналым қаражатына кері әсер етуде.
Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады:
– қант қызылшасы мен пиязды өңдейтін жаңа зауыттар салу;
– көкөніс сақтау қоймаларын көбейту;
– өңірге инвестор тарту;
– логистиканы дамыту және өткізу нарықтарын кеңейту;
– фермерлер мен өңдеушілер арасында ұзақ мерзімді келісімшарттар жүйесін енгізу.
Депутаттың пікірінше, бұл мәселелер дер кезінде шешілмесе, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнуі мүмкін.