АҚШ пен Иран уақытша келісімге келіп, әскери қақтығысты тоқтату бағытында алғашқы қадам жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдеуінше, тараптар екі аптаға арналған уақытша бітім (ceasefire) туралы келісімге келген. Келісімге сәйкес, АҚШ Иранға қарсы әуе шабуылдарын тоқтатады, ал Иран стратегиялық маңызды Ормуз бұғазын қайта ашуға міндеттенген.
Деректерге сүйенсек, бұл келісім Пәкістанның арағайындығымен жүзеге асқан. Келіссөздер соңғы сәтте — АҚШ-тың Иранға жаппай соққы жасау туралы ультиматумы аяқталуға аз уақыт қалғанда жасалған.
Иран тарапы келісімді растағанымен, оны соғыстың толық аяқталуы емес, уақытша үзіліс деп бағалады. Ресми Тегеран алдағы уақытта тұрақты бейбіт келісімге қол жеткізу үшін қосымша шарттар қойылатынын мәлімдеді.
The Economic Times
Бұған дейін екі ел арасындағы жағдай күрт шиеленісіп, АҚШ Иран аумағындағы бірқатар нысандарға соққы жасаған. Сонымен қатар, Ормуз бұғазының жабылуы әлемдік мұнай нарығына әсер етіп, геосаяси тәуекелдерді арттырған еді.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі келісім — толыққанды бейбіт шарт емес, тек уақытша дипломатиялық мүмкіндік. Алдағы екі апта ішінде тараптар ұзақ мерзімді келісімге келуге тырысады.